Психолог Динара Болат "Мамский әңгіме" подкастына берген сұхбатында ажырасқан әйелдерге кеңес берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Психолог қандай жағдайда бала үшін қосылудың қажеті жоқ екенін айтып берді.
"Жағдайға байланысты. Балаға әке болатын да, болмайтын да әке бар. Бақытты балалық шақ үшін әкесімен бірге тұрсын деп айтамыз. Бірақ ол бақытты балалық шақтың ішіне не кіреді? Егер бала күнде айқай-шуды, тепкіні, ауыр сөздерді, анасын сыйламайтынын көріп жатса, ол жерде ешқандай бақыт жоқ. Одан да бала жүйкесі тыныш, анасымен қауіпсіз жерде өскені дұрыс деп ойлаймын. Олар пәтер жалдап тұрса да, қара су мен қара нан жесе де тыныш жерде өмір сүргені дұрыс. Сондықтан бала үшін қосылатын жағдай бар, қосылмайтын да жағдай бар. Мұндай кезде ана ең алдымен баласын ойлау керек деп ойлаймын және кез келген шешімді сол тараптан қабылдау керек", – дейді Динара Болат.
Психолог өзіне консультацияға келген әйелдің оқиғасын айтып берді. Оның айтуынша, бұл оқиға оған ауыр тиген.
"Ажырасып кеткен, 5 жасар қызы бар бір әйел жазды. Ол әйел бір жігітпен кездесе бастайды. Үшеуі төсекке бірге жатады екен, яғни бір кереуетте. Анасы кейде ұйықтап кетеді. Қызы "ана кісі менің мүшеме тиіседі" деп айтады екен. Анасы сенбейді. Жігіт сенің қызың өтірік айтып жүр, қосып айтып жүр дейді екен. Ананың жағдайы өте қызық. Ол ана кісіге өте ғашық немесе жалғыз болғысы келмейді ме, түсінбедім. Ол жігіт – манипулятор. Әйел жігіттің "сенің қызың ортамызға түсіп жүр" деген сөзіне өзін төмен сезініп, қызын кінәлі санап жүр. Мен таң атқанға дейін ана кішкентай қызды уайымдап шықтым", – дейді ол.
Психолог ажырасқан әйелдерге кеңес берді.
"Ересек адамды таңдамаңыз, ересек адамды ойламаңыз. Ересек адам – толыққанды адам. Ал кішкентай бала сізге мойын созып, қарап тұр. Ол – қауқарсыз. Сіз оны дүниеге алып келдіңіз, сіз ол үшін жауаптысыз. Махаббат деп асықпаңыз! Күтетін адам күтеді, табылатын адам табылады. Тіпті туған әкесінен, туған ағасынан зәбір көріп жатқан балалар бар. Ал сіз тіптен бөлек ер адамды алып келіп, оның сөзін сөйлейсіз. Оң-солыңызды он рет өлшеп барып қана қатынас құрыңыздаршы", – дейді Динара Болат.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!