- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Бағасы - 1,8...
"Бағасы - 1,8 миллиард теңге". Алматыдағы ең қымбат ТОП-5 пәтердің іші қандай?
Massaget.kz Алматыдағы ең қымбат ТОП-5 пәтерге шолу жасады. Спойлер: топтағы ең қымбат пәтерлер 1 миллиард теңгеден жоғары.
Қаладағы ең қымбат пәтер
Алматыдағы ең қымбат пәтерлерге шолу жасауда krisha.kz сайтындағы мәліметтерді қолдандық. Сайттағы мәлімет бойынша, бүгінде қаладағы ең қымбат пәтер - 1,8 миллиардқа бағаланып отыр.
Ол қаланың Медеу ауданына қарасты Таулы Қырат шағынауданында орналасқан.
Жалпы аумағы 860 шаршы метр. 8 бөлмелі пәтер.
Үй 2006 жылы салынған. Үйдің төбесі 3 метр.
Үйде қауіпсіздікке қажет құралдың бәрі бар, оның ішінде: дабыл, күзет, бейнебақылау, код құлпы, домофон, терезелерде тор бар.
Алматы "алақандағыдай" көрінетін пәтер
Алдыңғы пәтерден арзанырақ үй - 1 678 000 000 теңгелік төрт бөлмелі пәтер. Ол қаланың Бостандық ауданында орналасқан Esentai Apartments тұрғын үй кешеніндегі пәтер.
Пәтер 31 қабатта орналасқан. Сондықтан тіпті жуынатын бөлменің өзінен Алматы "алақандағыдай" көрінеді.
Көпқабатты ғимаратты Skidmore, Owings and Merrill архитектуралық компаниясы Орталық Азиядағы жалғыз люкс мол ретінде әзірлеген. Тұрғын үйдің астыңғы қабаттарында сауда орталығы бар. Онда танымал бренд дүкендері бар.
Бұл пәтердің артықшылығының бірі - жеке терассасы бар.
Үйдің жалпы аумағы 210 шаршы метр. 2015 жылы қолдануға берілген.
Пәтер бәрін қашықтан басқаруға көмектесетін ақылды үй жүйесімен жабдықталған.
ТОП-5-ке кіретін ең қымбат үйдің бірін - шамамен 1,5 миллиард теңгеге сатып ала аласыз
Үй Таулы Қыраттағы "Эдельвейс" коттедж қалашығында орналасқан. Жалпы 14 гектар жер, үйдің аумағы 850 шаршы метр.
12 бөлмесі бар зәулім үй. Коттедж қалашығында 41 вилла, 46 пентхаус және 33 гарденфлет (өз бақшасы бар екі деңгейлі пәтерлер) бар.
Әр коттеджде екі көлік сиятын гаражы бар. Үйде "ақылды үй" жүйесі қосылған. Үйдің төбесі 3,5, тіпті 4,5 метрге дейін жетеді.
Бұл үйде жасыл газонмен жабдықталған үлкен алаң, СПА, фин саунасы, түрік хамамы, жаттығу залы, бірнеше терраса, 10 камерасы бар.
1,3 миллиардқа - 6 бөлмелі пәтер
Элиталық тұрғын үй "Нұр төбеде" орналасқан үй 1 350 000 000 теңгеге бағаланып отыр. Пәтерде 4 жатын бөлмесі, кабинет, қызметкерлерге арналған бөлме, қонақ бөлмесі бар. Үйді әрлеп, өңдеу жұмыстарына қажет материалдар Канада мен Италиядан әкелінген.
Тұрғын үй экологиялық таза ауданда орналасқан. Тұрғын үйде барлығы 23 пәтер ғана бар. Сәйкесінше тұрғын үй аумағында адам аз.
Терезеден көздің жауын алатын Алматының әсем таулары көрініп тұрады.
"Нұр Төбе" тұрғын үй кешенін итальяндық сәулетші Доминик Винченсе Ротоло жобалаған.
Сатылымдағы пәтердің артықшылықтарының бірі - тұрғын үй аймағында қарағай орманы бар. Бұл таза ауамен демалып қайтуға таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар, кез келген жастағы тұрғындар үшін қызық болар ойын алаңдары да жетерлік.
1 миллардқа 5 бөлмелі пәтер
Бостандық ауданындағы "Жайлау" тұрғын үй кешенінде 1 миллиард теңгеге 5 бөлмелі пентхаус сатылады.
Пәтердің бірінші қабатында қонақтарға арналған 2 санитарлық торап, 2 қонақ бөлмесі, асхана, екінші қабатында 3 санитарлық торап, қонақ бөлмесі, жатын бөлме, гардероб бар.
Үйді сатып аламын деушілерге пентхауста барлық жиһаз бен техника қалады. Одан бөлек, көлік 2 тұрақ орны бар.
Айта кетейік, пентхаустың аумағы - 400 шаршы метр.
Суреттер: krisha.kz сайтынан
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина