Бабл-ти денсаулыққа қауіпті деп танылды

Бабл-ти денсаулыққа қауіпті деп танылды. Оның құрамына қосылатын тапиока шариктері кей жағдайда ішек бітелуіне және тұншығуға әкелуі мүмкін. Бұл туралы "Осторожно, новости" Telegram-арнасына Пирогов университетінің Адам биологиясы және патологиясы институты патофизиология және клиникалық патофизиология кафедрасының аға оқытушысы Екатерина Титова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, тапиоканы сөйлесіп отырып немесе асығыс ішкен кезде ірі әрі жабысқақ шариктер өңешке емес, тыныс алу жолдарына түсіп кетуі мүмкін. Соның салдарынан адам тұншығуы ықтимал.

Сондай-ақ, маман тапиока шариктерін шамадан тыс көп жеп, жеткілікті мөлшерде су ішпеген жағдайда, олардың бір-біріне жабысып, түйірге айналуы және ішек бітелуін тудыруы мүмкін екенін ескертті. Сарапшы бес жасқа дейінгі балаларға тапиока бермеуге кеңес берді.

Бұған дейін дәрігер-диетолог әрі терапевт Регина Ахуньянова бабл-тидің қаупі туралы ескерткен еді. Оның айтуынша, тапиока шариктері қосылған бұл танымал сусынды жиі ішу салмақ қосуға, бауырға май жиналуына және инсулинге төзімділіктің дамуына әкелуі мүмкін.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!