Күні кеше Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімін жариялады. Қоғам қайраткері, бұрынғы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тегін оқуға түсе алмаған талапкерлерге кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Асхат Аймағамбетов грантқа түсе алмаған талапкерлер үшін бірнеше мүмкіндік бар екенін еске салды. Оның айтуынша, кейінірек пайдаланылмаған мемлекеттік гранттар қайта бөлінеді және олар талапкерлер арасында ҰБТ балдарына сәйкес үлестіріледі.
"Әкімдік гранттары бар. Жергілікті бюджеттен тағы бірнеше мың грант бөлінеді. Сонымен қатар, "Қазақстан халқына" қоры да білім беру гранттарын ұсынады. Қосымша ақпаратты олардың сайтынан білуге болады", - деп жазды ол ресми Telegram-арнасында.
Бұдан бөлек, Асхат Аймағамбетов кейбір талапкерлер оқудан бас тартқан жағдайда гранттардың бір бөлігі жалпы конкурсқа қайтарылатынын хабарлады. Ол мұндай гранттардың қайта бөлінетінін нақтылады.
Сондай-ақ, грантқа түсе алмағандарға ақылы негізде оқу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
"Университетке ақылы негізде түсіп, кейін оқу үлгеріміңіз жақсы әрі GPA көрсеткішіңіз жоғары болса, босаған гранттарға өтініш беруге болады. Оған қоса, жоғары оқу орындарының ішкі гранттары да болады", - деді ол.
Оның сөзінше, тағы бір нұсқа - академиялық демалыс (gap year) алып, дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсыру. Сонымен қатар, ол колледждерге түсуге де назар аударуды ұсынып, еңбек нарығында орта кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары екенін атап өтті.
Еске салайық, Мемлекеттік білім беру гранттарын бөлумен Республикалық конкурстық комиссия айналысты. Оның құрамына мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім беру саласындағы кәсіподақ өкілдері, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Жоғары оқу орындары қауымдастығының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, конкурсқа қатысу үшін 127 мыңға жуық талапкер құжат тапсырған. Бұл шамамен 113 мың өтініш тіркелген былтырмен салыстырғанда 14 мыңға көп.
2026 жылы бакалавриат бағдарламалары бойынша оқу үшін мемлекет 75 мыңнан астам білім беру грантын бөлді.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып жүргізілді. Бюджеттік орындардың негізгі көлемі тағы да экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлауға бағытталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!