Әйел шұғыл кесарь тілігінен кейін “жұмақты көргенін“ айтты

 Ұлыбритания тұрғыны Сара Миллс босанғаннан кейін 5,5 литр қан жоғалтып, көз алдына келген аппақ жарықты "жұмақ" деп қабылдаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға 2025 жылғы 24 қазанда болған. 32 жастағы Миллс жүктілігінің соңғы апталарында қатты жайсыздық сезініп, толғағы әртүрлі аралықпен басталғанын айтқан. Алайда әйелдің шағымына қарамастан, дәрігерлер оны табиғи жолмен босануға бағыттаған.

Жатыр мойнын арнайы цервикалды баллондардың көмегімен ашқаннан кейін Миллстің қызының қолы басынан жоғары орналасып, жатыр мойнынан өтіп кеткен. Осыдан кейін дәрігерлер оны шұғыл түрде кесарь тілігіне жіберген. Сәби аман-есен дүниеге келгенімен, артынша әйел қатты ысып, әлсірей бастаған.

Дәрігерлер оны медикаментозды комаға енгізіп, жатыр мойнынан қан ұйындысын анықтаған. Ұйынды алынғаннан кейін әйелде қатты қан кету басталған.

"Мен көз алдымнан аппақ жарық көрдім. Дәрігерлерге "мен көкке кетіп барамын" деп айта бердім. Шынымды айтсам, өзімді қайтыс болып, қайта тірілгендей сезіндім", – дейді Миллс.

Ұлыбританиялық әйел 5,5 литр қан жоғалтып, оған жеті рет қан құйылған. Ол келесі күннің таңына дейін комада жатқан.

Бір айдан кейін аурухана әкімшілігі әйелге кешірім сұрап хат жолдаған. Онда болған жағдайдың оған "айтарлықтай психологиялық зиян" келтіргені мойындалған.

Миллс медицина қызметкерлерін жүкті әйелдердің шағымына мұқият қарауға шақырды.

"Әйелдер өз ағзасын жақсы сезеді. Бізді тыңдау керек", – дейді ол.

Қазір оның қызы Мила аман-сау, жеті айға толған. Аурухана өкілдері дәрігерлік құпияға байланысты түсініктеме беруден бас тартқанымен, Миллстің шағымы қаралып жатқанын растады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!