Ұлыбритания тұрғыны Лоури Денман бірнеше жыл бойы миында ондаған паразит барын білмей өмір сүрген. Оның оқиғасын The Independent басылымы жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір 42 жастағы Денманның айтуынша, алғашқы күмәнді жағдай 2011 жылы болған. Бұл оның Үндістанға барғанынан төрт жыл өткен кез еді. Бір күні әйел дәретханаға барған кезде ағзасынан ұзындығы бір метрге жуық таспа құрт шыққанын көрген. Ол бірден дәрігерге жүгінгенімен, тексеріс кезінде ешқандай күмәнді белгі анықталмаған. Кейін әйел қалыпты өмірін жалғастыра берген.
Алайда көп ұзамай оны қатты бас ауруы мазалай бастаған. Бірнеше айдан кейін эпилепсия ұстамасы болған. Тексерістен соң дәрігерлер Денманның миынан шошқа таспа құртының 38 дернәсілін анықтап, оған нейроцистицеркоз диагнозын қойған.
Әйел ұзақ уақыт бойы паразитке қарсы дәрілер, стероидтар және ұстаманың алдын алатын препараттар қабылдаған. Бірақ ауру уақытша ғана басылып, ұстамалар қайта қайталанып отырған. Кейін Денманда үрей ұстамалары, психоз және паранойя белгілері пайда болып, ол біраз уақыт жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.
"Бұл жәндіктердің менің басымда болғанын ұғыну өте жиіркенішті еді", – деп мойындады британдық әйел.
Қазір Денман он жылдан бері эпилепсия ұстамасынсыз өмір сүріп келеді. Ол өз оқиғасын сирек кездесетін ауруға жұрттың назарын аудару үшін айтып берген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz