Тұмау маусымында көпшілік сарымсақ жейді. Сарымсақтан соң ауызда оның жағымсыз иісі қалады. Одан қалай жылдам арылуға болады?
Сарымсақтың өзінің аса иісі жоқ. Бірақ оны кессеңіз немесе шайнасаңыз, оның құрамындағы аллиин деген зат құрамында күкірті бар қосылыс – аллицинге айналады. Сарымсақ осы аллициннің арқасында пайдалы, бірақ жағымсыз иісті беретін де осы зат. Жағымсыз иісі сарымсақты жегеннен кейін оның желінген мөлшеріне қарай 12 сағаттан 48 сағатқа дейін сақталуы мүмкін.
Алайда сарымсақ иісін басуға көмектесетін өнімдер бар:
Айран немесе йогурт
Май мен ақуызға бай тағам сарымсақ иісін жоя алады. Әсіресе, айран мен йогурт жақсы көмектеседі. Алайда грек йогуртын таңдаңыз, себебі оның құрамында ақуыз қарапайым йогурттарға қарағанда көбірек.
Алма
Ең қарапайым және қауіпсіз әдіс – сарымсақтан соң алма жеу. Алма шырыны емес, алманың өзін жеуге тырысыңыз.
Салат жапырақтары немесе жалбыз
Салат жапырақтары немесе жалбыз алмадан да жақсы әсер етеді. Бірақ жалбыз шайын ішудің қажеті жоқ: аздап жалбыз жапырақтарын жеңіз.