11 наурызда Рамазан айы басталды. Ағзаға зиян келмес үшін ораза кезінде қалай тамақтану керек? Ауызашарға ет жеуге бола ма? Massaget.kz тілшісіне терапевт, интегративті дәрігер Назира Молдабекқызы жауап берді.
Ет - қазақтың ұлттық тағамы. Оны мөлшермен жесе, ағзаға пайдалы екенін білеміз. Алайда ораза кезінде күні бойы аш жүріп, ауызашарға мұндай ауыр тағамды жеу қаншалықты дұрыс?
Дәрігер ауызашарға ауыр тамақ жеуді ұсынбайтынын айтты.
"Мен ауызашарға мұндай ауыр тамақты жеуге қарсымын. Ағза күні бойы ашығады және әлсірейді. Мұндай кезде көбіне сорпа тамақтар ішкен жақсы. Егер бешбармақ дайындаған болсаңыз, мейлінше нанын аз жеп, еті мен сорпасын көбірек жесеңіз жақсы болар еді", - дейді Назира Молдабекқызы.
Назира Молдабекқызы ауызашарда сорпа және жасұныққа бай өнімдерді көбірек жеуге кеңес берді.
"Ауыз ашқан кезде бірден тамақ жемей, міндетті түрде алдымен су ішіңіз. Одан кейін 15-20 минуттан кейін ғана тамақ жейсіз. Тамақ ішкен кезде көбіне сорпа ішкен және жасұныққа бай өнімдерді жеген дұрыс. Барлық көкөністер мен көк шөптер жасұныққа бай. Сол кезде ол бешбармақтың ауырлығын жояды", - деп кеңес берді дәрігер.
Сондай-ақ маман тамақты дұрыс шайнауға көңіл бөлу керегін айтты.
"Тамақты асықпай шайнау керек. Әдетте адамдар қарны ашқасын тамақты дұрыс шайнамай жей салады. Бұл кезде ас дұрыс қорытылмайды", - дейді ол.
Дәрігер ауыз ашқаннан кейін барынша аз тамақ түрлерін жеуге кеңес берді.
"Ауыз ашқан кезде барынша аз тамақ түрлерін жеу керек. Мысалы, бешбармақ, сорпа, салат. Басқа артық ештеңе жемеңіз. Бізде бұл тамақтарды жеп алған соң торт пен шай ішеді, одан соң жемістер әкеледі, шырындар ішіп жатады. Бұлай тамақтану тамақтың ішекте шіруіне әкеледі. Сондықтан бешбармақ секілді ауыр тамақ жейін деп жатсаңыз, алдымен салат жеп, сорпа ішіңіз. Барынша аз тамақ түрлерін жеңіз", - деп қорытындылады Назира Молдабекқызы.
Оқи отырыңыз: Алғаш рет ораза ұстайтын адамдар білуге тиіс негізгі нәрселер