Діни басқарма ауызашар өткізуге қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМДБ мәліметінше, бұл айда жасалатын әрбір жақсылықтың сауабы еселенеді. Сондай-ақ, мұқтажға қол ұшын беру - үлкен сауапты іс. Сол сауапты істің бірі - аузы берік жанға ауызашар беру.
"Өкінішке қарай, кейінгі кездері еліміздегі бірқатар мейрамхана, кафелер мен дәмханалардың иелері ауызашар мәзірінің бағасын өте жоғары ұсынып, халық арасында түсінбеушілік туындауына себепші болып отыр. Асыл дініміз ауызашар дастарханында ас та төк ысырапқа жол беруді, дастархан жасауда бәсекелесуді құптамайды. Ондай әрекет сауапқа емес, күнәға жетелейді. Ауызашар дастарханы қарапайымдылыққа негізделуге тиіс", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана, кафе, тамақтану орындарының иелерін халыққа қолжетімді, қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе биыл Рамазан айы басталатын күнді бекітті.
Ортақ пәтуаға сәйкес қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталды.
ҚМДБ мәліметінше, 27 наурызға қараған түн - қасиетті Қадір түні. 30 наурыз - Ораза айт мерекесі.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!