Әнші Әли Оқапов әлеуметтік желідегі парақшасында қатты ауырып қалғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің сөзінше, мұндай жағдай қоғам тарапынан туған хейттен кейін болған.
"Соңғы кезде иммунитетім төмендеп, салдарынан ауырып қалдым. Бірақ қазір ауыратын уақыт емес. Денсаулыңызды сақтаңыз. Қазір емделу үшін көп ақша керек. Енді дәріханаларды аралап, дәрігер тағайындаған дәрілерді алып жүрмін.
Негізі қазанда болған оқиғадан кейін жүйкем сыр берді. Ауырып аяғыма тұра алмай қалған кезімде отбасым мені Таиландқа алып кетті. Ол жақта біршама жеңілдеп, жұмысқа қайта оралдым. Бірақ елге оралғаннан кейін жағдайым қайта күрт нашарлады. Мұның бәрі жағдайды әлі ұмыта қоймағаннан деп ойлаймын", - деп жазды әнші.
Әнші Қазақтанға қайтып келген бойда жұмысына беріліп кеткенін жеткізді.
"Кейін түсірілім, жоба, гастрольдік сапар көбейіп, бәріне қатыстым. Өзім іштей 20 желтоқсанға дейін шыдауым керек деп ойлап жүрген едім, тура ойымдағыдай болып, 20 желтоқсаннан кейін дертім қайта асқынды. Бірақ бұдан да ауыр дертті көргенмін, сондықтан бұл ештеңе емес.
Қазір жағдайым жақсы. Шағымданып жатқан жоқпын, оның үстіне әлеуметтік желіде шағымын айтатындарды ұната бермеймін. Мен осындай жұмысымның барына шүкіршілік етемін, себебі әрбір концертте адамдардың қолдауын естимін. Тек дәріханаларда 30 мың теңге тастап кететініме күйінемін", - дейді Әли Оқапов.
Сонымен қатар, өнер иесі соңғы кезде салмақ қосып алғанын да айтты.
"Сондай-ақ, режимім бұзылып, дұрыс тамақтанбағанымның кесірінен бірнеше келі қостым. Бірақ бұған дейін қазанда болған оқиғадан кейін күйзелісте жүріп, бірнеше келі тастаған едім, яғни қазір менің салмағым бірқалыпты", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін "Құрмет" орденін алған Әли Оқапов Желідегі даудан кейін барлық марапатынан бас тартқаны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Коворкинг деген не?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!