Аустралия зертханасынан жүздеген қауіпті вирус жоғалып кетті. Бұл әлемге несімен қауіпті?

Аустралия зертханасынан жүздеген қауіпті вирус жоғалып кетті. Бұл әлемге несімен қауіпті?
Фото: Коллаж: depositphotos.com, wikipedia

Аустралияның Квинсленд штатындағы зертханадан өлімге әкелетін вирустары бар 300-ден астам түтік жоғалып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі  Daily Mail-ге сілтеме жасап.

Квинсленд штатының денсаулық сақтау министрі Тим Николс жергілікті вирусология зертханасында жұқпалы вирустардың жүздеген үлгілері жойылғанын хабарлады. Барлығы 323 түтік жоғалып кеткен. Вирустардың үлгілері 2021 жылы жоғалған, алайда оның жоғалғанын өткен жылдың тамыз айында ғана білген.

Қандай вирус түрлері жоғалған?

Жоғалған түтіктердің арасында хендра вирусы, лиссавирус және хантавирус болған. Бұл үш инфекция жануарлар арасында таралады, бірақ адамдар үшін де қауіпті болуы мүмкін.

Хендра вирусын жарқанаттар тасиды. Инфекция негізінен жылқыларға жарқанаттардың зәрімен және нәжісімен байланыста болғаннан кейін жұғады. Содан соң ол адамдарға берілуі мүмкін. Аустралияда жылқылар арасында хендра ауруы жиі пайда болады. Ал адамдар арасында өлімнің екі жағдайы тіркелген. Хендра вирусын жұқтырғаннан кейін адамдар арасында өлім - 60%, жылқылар арасында 75%-ды құрайды.
 
Жоғалған үлгілердің тағы бірі - егеуқұйрықтар тарататын хантавирус. Адам оны кеміргіштердің сілекейі, зәрі және нәжіс бөлшектері бар шаңды жұту арқылы жұқтыруы мүмкін. Ауру жоғары температура, қалтырау, бұлшықет ауруы, асқазан-ішек жолдарының белгілерінен басталады және өмірге қауіп төндіретін жағдайға дейін тез дами алады. Вирус өкпені сұйықтықпен толтыратын хантавирустық өкпе синдромын тудырады. Кейбір мәліметтерге сәйкес, хантавирустардан болатын өлім-жітім 38%-ды құрайды.

Зертханадан жоғалған үшінші вирус - лиссавирус. Бұл жануарларға да, адамдарға да әсер ететін құтыру ауруы. Лиссавирустың негізгі тасымалдаушылары - жарқанаттар.

Вирустар қалай жоғалған?

"Біз вирусологиялық зертхананы бұзу фактісі бойынша тергеуді бастадық. Бұзушылықтың қоғамға қауіп төндіретіні туралы ешқандай дәлел жоқ және біздің үкімет мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр", - деді Тим Николс.

Қауіпті түтіктер жоғалып кеткен зертхана диагностикалық қызметтерді ұсынады, вирустарға, сондай-ақ масалар мен кенелер арқылы таралатын аурулардың қоздырғыштарына қатысты мемлекеттік деңгейде бақылау мен зерттеулер жүргізеді.

Зертхана қызметкерлері түтіктердің қайда кеткенін анықтай алмады: оларды біреу ұрлап кетті немесе үлгілерді жойып жіберді.

Бұл әлемге қауіп төндіруі мүмкін бе?

"Жұртшылыққа қауіп төнуі мүмкін сценарийді елестету қиын. Вирус үлгілері мұздатқыштан шыққаннан кейін өте тез бұзылады және күшін жояды. Үлгілер автоклавтау арқылы жойылған болуы мүмкін (жоғары қысымды буды қолданатын зарарсыздандыру әдістерінің бірі). Бұл жалпы зертханалық тәжірибе. Бұл ретте үлгілерді жою тиісті түрде тіркелмеген болуы мүмкін", - деді штаттың Бас санитарлық дәрігері, доктор Джон Джеррард.

Дәрігер соңғы бес жылда Квинслендте адамдар арасында хендра вирусын немесе лиссавирусты жұқтырудың бірде-бір жағдайы анықталмағанын хабарлады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жапатова