Желіде бірнеше миллион долларға сатылған бананды танымал кәсіпкер Джастин Сан жеп жатқан видеосы пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео YouTube-арналардың біріне жүктелген.
Бананның желінгенін кей беделді бұқаралық ақпарат құралдары да растады.
Yahoo басылымы Гонконгтағы ең қымбат қонақүйлердің бірінде Джастин Сан ондаған журналист пен инфлюенсер алдында бананды жегенін жазды. Кәсіпкер жемістің дәмді екенін айтты.
Еске салайық, Sothebyʼs аукционында суретші Маурисио Каттеланның инсталляциясы - қабырғаға скотчпен жабыстырылған банан 6,2 миллион долларға (3 100 000 000 теңге) сатылды. Заманауи өнер туындысын қытайлық крипто-кәсіпкер және коллекционер Джастин Сан сатып алды. Ол бұл инсталляцияны "өнер, мемдер және криптовалюта қауымдастығының әлемін байланыстыратын" мәдени феномен деп атады және жақын арада осы бананды жеуге ниетті екенін айтты. Бұл туынды сатып алушыға түпнұсқалық сертификатымен және банан шіріген кезде оны қалай ауыстыру керегі жазылған нұсқаулықпен жеткізіледі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!