Тұрмыс құрғанына небары бір жыл болған келіншек өзінің обыр ауруына шалдыққанын бастапқыда білмеген. "Сәби сүйеміз" деген үміттің жетегімен ЭКО көмегіне жүгінген келіншекте қатерлі ісік байқалғанын өзі қаралып жүрген клиниканың мамандары байқаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атырау облыстық онкологиялық диспансерінің дәрігер-химиятерапевті, химиялық терапия бөлімінің меңгерушісі Гүлдана Есқабылованың айтуынша, келіншек өзінде қатерлі обыр ауруы бар екенін естіген кезде қатты күйзеліске түскен.
"Өмірге сәбиді жасанды ұрықтандыру жолымен алып келу үлкен дайындықты қажет етеді. Әдетте, болашақ аналарға жан-жақты медициналық зерттеулер жүргізіледі. Осындай кезекті дәрігерлік тексеру кезінде мамандар келіншектің омырауында белгісіз түзілістер пайда болғанын анықтайды. Сөйтіп, дәрігерлердің кеңесімен келіншек біздің диспансерімізге тексерілу үшін келген еді", - дейді дәрігер-химиятерапевт Гүлдана Есқабылова.
Қазір науқастың жағдайы бір қалыпты. Ол ота алдында арнайы химиялық терапия қабылдаған. Кейін тиісті ота жасалған.
"Науқас отадан кейінгі ем қабылдау терапиясынан өтті. Қазір науқас маммологтар мен гинеколог мамандардың бақылауында. Психологтың да көмегін алып тұрады. Әзірге оған бала жоспарлауға болмайды. Рак клеткалары белсенділігін төмендеткен жағдайда ғана, науқас балалы бола алады", - дейді дәрігер-химиятерапевт Гүлдана Есқабылова.
Қазіргі уақытта Атырау облысында сүт безі қатерлі ісігімен 1065 науқас есепте тұр. Өкінішке орай, қауіпті статистика өткен жылға қарағанда едәуір өскен.
Баян Жанұзақова
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!