“Атырауда екі оқушы еккен лотос алқапқа айналған“. Маман пікір білдірді

“Атырауда екі оқушы еккен лотос алқапқа айналған“. Маман пікір білдірді
Фото: @stanislavchukalin

Әлеуметтік желіде Атырау облысында Pinduoduo-дан алынған тұқымнан өскен лотостар екі жыл ішінде үлкен алқапқа айналғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға осыдан екі жыл бұрын басталған. Желідегі ақпаратқа сүйенсек, екі оқушы Pinduoduo-дан лотос тұқымын алдыртып, оны аквариумда өсіріп көрмек болған. Жазба авторының айтуынша, тәжірибе сәтсіз аяқталып, қалған тұқымдар Жайық атырауындағы Перетаска арнасына тасталған.

Бір жылдан кейін ол жерде алғашқы жапырақтар пайда болған. Осы жазда лотостар гүлдеп, едәуір үлкен аумаққа жайылған.

Оқиға әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Желі қолданушылары бұл орынды қыздардың құрметіне "Шаттық-Айым" деп атауды ұсынды. Енді біреулер бұл Қазақстанның Қызыл кітабына енген Каспий лотосы болуы мүмкін деген болжам жасады. 

Бұл жерге видеограф Станислав барып қайтқан. Ол Тасқала ауданындағы Перетаска арнасының маңында лотостарды видеоға түсірген.

Әлеуметтік желі қолданушылары өсімдік тез тарап, жергілікті түрлерді ығыстырып шығаруы мүмкін деп қауіптенді.

Орталық Азиядағы экология және қоршаған ортаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры Ғалымжан Сапаровтың айтуынша, Қазақстанда отырғызылатын кез келген жаңа өсімдік түрі бақылауда болуға тиіс. Экологтың сөзінше, қоршаған ортаға төнетін ықтимал қауіпті бағаламас бұрын лотостың нақты қай түрі екенін анықтау керек.

"Ең алдымен бұл қандай түр екенін анықтау қажет. Өсімдіктердің түрлері көп және олардың сипаттамасы әртүрлі. Нақты бір өсімдік жергілікті жағдайда өмір сүруге және таралуға қаншалық қабілетті екенін түсіну маңызды", - деді маман.

Сондай-ақ, оның айтуынша, су қоймасының өзіндік ерекшеліктерін де ескеру қажет.

"Су қоймасының ерекшеліктерін де назардан тыс қалдырмау керек. Ол тұйық болса, өсімдіктің таралуы сол аумақпен шектелуі мүмкін. Бірақ бәрі нақты түрге байланысты. Алдымен бұл қандай өсімдік екенін нақтылау қажет", - деп бөлісті ол.

Эколог белгісіз өсімдіктерді өз бетінше егуге кеңес бермейді. Маманның айтуынша, басқа аймақтардан келген өсімдіктермен бірге зиянкестер мен аурулар да келуі мүмкін. Сондықтан өсімдікті әкелу карантин бақылауында болады.

Жаңа лотостардың табиғатқа зияны туралы қорытынды жасауға әлі ерте. Алдымен мамандар өсімдікті анықтап, содан кейін оның осы су қоймасында таралу мүмкіндігін бағалауы керек. Бұл ретте судың температурасы, минералдануы және басқа да жағдайлар маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, Атырау облысында лотостар өсетін танымал орын бұрыннан бар. Ол - Құрманғазы ауданындағы Қиғаш-Шора өзеніндегі лотос алқабы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget