“Атақ-даңқ қызық емес“. Еңбек сіңірген қайраткер атанған Еркебұлан Тоқтар жұрттың сынына жауап берді

Еңбек сіңірген қайраткер атанған актер Еркебұлан Тоқтар жұрттың сынына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жуырда ол "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болды. Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі спортшы бұл атаққа лайық екенін айтса, енді бірі оның әлі жас екенін жеткізді.

Еркебұлан Тоқтар журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында осы турасында пікір білдірді.

"Неге берді?" деген сұрақ қойылып жатыр. Оны берген адамға қою керек. "Неге алдың?" деген сұрақ маған қойылады. "Маған берді, мен алдым" деп жауап беремін. ...Жоғары жақтағы біреулер шешті. Мен де сұраған жоқпын. Маған келіп-кетіп жатқан пайдасы жоқ. Мемлекеттен жеңілдік, ақша алмаймын. ...Маған ешқандай жеңілдік қызық емес. Жұмысымды істеп, ақшамды тауып жүрмін. "Үкіметтен ақша алады" деп ойлайды. Бір тиын алмаймын, керегі де жоқ. Марапат берілді, алдым. Қуанышты болдым, өте үлкен марапат. Лайықпын ба, лайық емеспін бе, оны берген адам шешеді", - деді Еркебұлан Тоқтар.

Спортшының пікірінше, бұл атақты алуы - еңбектің жемісі. 

"Мен атаққұмар емеспін. Маған ешқандай атақ-даңқ қызық емес. Жұмысымды істеймін. Ең басты атақ-даңқ жақындарымнан келеді. "Балам, жарайсың, саған рақмет" деген нәрсе - маған керегі. Ешқашан атаққа ұмтылған адам емеспін", - деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!