ІІМ кейінгі кезде интернеттегі алаяқтар балалар мен жасөспірімдерді жиі алдайтынын мәлімдеді. Сондықтан ата-аналардың дер кезінде балаларына цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіруі аса маңызды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ойындар арқылы
Алаяқтар ойындардағы виртуалды тауарларды, яғни кейіпкерлерді, киім-кешектерді, әртүрлі заттарды сату үшін жалған сайттар жасайды. Егер мұндай сайттарға банк картасының деректері немесе аккаунттың құпиясөзі енгізілсе, олар бірден алаяқтардың қолына түседі.
Пікір жазу арқылы
Алаяқтар балаларға пікір жазғаны үшін ақша ұсынуы мүмкін. Бірақ ақшаны шығару үшін алдын ала комиссия төлеуді талап етеді. Осылайша картаның деректері ұрланады.
Дроппер ретінде пайдаланады
Кейбір алаяқтар жасөспірімдерге қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруды ұсынады. Алайда бұл - қылмыстық схеманың бір бөлігі. Мұндай жағдайда оқушының картасы ұрланған қаржыны өткізу үшін пайдаланылады.
Парақшаны бұзу арқылы
Алаяқтар әлеуметтік желілердегі парақшаларды бұзып, достарына ақша сұраған хабарлама жібереді немесе зиян сілтемелер таратады.
Балаларды қорғаудың жолдары:
- күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- бөгде сайттарға картаның деректерін немесе құпиясөзді енгізбеу;
- виртуалды тауарларды тек ресми қосымшалар арқылы сатып алу;
- әлеуметтік желілердегі боттар арқылы төлем жасамау.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова