Ат үстінде 200 мың шақырымнан аса жол жүрген: Қытайда марапатқа ие болған қазақ дәрігер туралы не белгілі?

Ұлты қазақ дәрігер Ухас Сүлеймен Қытайдың ең жоғары партиялық марапаты - "1 шілде" орденімен марапатталды. Марапаттау рәсіміне ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қатысты. Дәрігердің өмір жолына қатысты тың дерек жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Марапат Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада табысталған.

Қытайлық БАҚ мәліметінше, дәрігер - "1 шілде" орденімен марапатталған алғашқы қазақ.

gov.cn

Ухас Сүлеймен еңбек жолын 1975 жылы медициналық училищені бітіргеннен кейін бастаған. Ол Қытайдың денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеп, ұзақ жыл бойы Дүрбүлжің уезінің (Тарбағатай) Шәуешек аудандық ауруханасының ішкі аурулар бөлімі бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарған.

Дәрігер өз еркімен Шыңжаңдағы шалғай жайылымдық аймақтарға аттанып, ондаған жыл бойы науқастарға атпен барған. Аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан жайлау мен киіз үйлерді аралап, жергілікті халыққа медициналық көмек көрсеткен.

Ухас Сүлеймен шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету барысында 200 мың шақырымнан аса жол жүрген. Ол 100 мыңнан аса науқасты қабылдап, 3200-ден аса сәбидің дүниеге келуіне көмектескен.

Жергілікті малшылар дәрігерді "ақ халатты жауынгер, ат үстіндегі дәрігер" деп те атайды.

Ухас Сүлеймен 2015 жылы зейнетке шыққан, алайда  мамандығын тастамаған. Ол жеке денсаулық кабинетін ашып, тұрғындарды тегін қабылдауды жалғастырған. Тіпті шалғай өңірлердегі адамдарға медициналық көмек көрсететін еріктілер жобасын құрған.

Xinhua News

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!