Астанада мектеп оқушысы компьютер құрастырып шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Елордадағы №119 мектептің 10-сынып оқушысы Аят Тәжен шағын компьютер құрастырып, бағдарламасын жасаған. Дайын құрылғы тестілеуден өткізіліп, оның жұмыс жылдамдығы, интернетке қосылу мүмкіндігі және энергия тұтыну көрсеткіштері тексерілген.
Ал нәтижесінде бұл құрылғы оқуға және күнделікті қарапайым жұмыстарға толық жарамды екені анықталған.
"Аят жобаны жетілдіру мақсатында Raspberry Pi негізіндегі шағын ноутбук құрастыру жолдарын зерттей бастады. Ноутбук корпусының өлшемдерін анықтап, 3D моделін жобалады. Жалпы жобаны жасауға шамамен 2 ай уақыт кеткен", - деді жетекшісі Айбала Сарбасова.
Зерек оқушы сабақтан тыс уақытында Web жобалау, 3D модельдеу және бағдарламалаумен айналысады. Python, C++, Lua, Dart секілді бағдарламалау тілдерін жетік меңгерген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз