Астанада халық саны жаңа межеден асты

Ұлттық статистика бюросы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жариялады. Астана халқы жаңа межеден асты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

1 тамыздағы жағдай бойынша елордада 1 690 605 адам тұрса, күздің басында еліміздің бас қаласында халық саны ресми түрде 1 700 385 адамға жеткен. Осылайша, бір ай ішінде елорда халқы шамамен 10 мың адамға көбейіп, 1,7 миллион деген межеден асқан. Жыл басынан бергі жалпы өсім - 61 209 адам.

Халық ең тығыз қоныстанған өңірлер - Алматы қаласы (2 387 896 адам) және Түркістан облысы ( 2 142 709 адам). Тамызбен салыстырғанда Алматы халқы 8 мыңнан аса адамға өссе, Түркістан облысында халық саны 2 мыңнан аса адамға азайған.

1 миллионнан аса адам мына өңірлерде де тұрады:

  • Алматы облысында 1 615 631 адам;
  • Шымкент қаласында 1 316 888 адам;
  • Жамбыл облысында 1 210 084 адам;
  • Қарағанды облысында 1 130 123 адам.

Халық ең аз қоныстанған өңірлер:

  • Ұлытау облысында 217 274 адам;
  • Солтүстік Қазақстан облысында 510 756 адам;
  • Абай облысында 590 702 адам.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша халықтың басым бөлігі (13 236 041 адам) қалаларда тұрады. Жыл басынан бері қала халқы 150 931 адамға көбейген. Ауылдарда 7 382 755 адам тұрады. Ауыл халқының саны 31 957 адамға азайған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!