Аспаздың оқуына түсіп, курьер болып, хит жазып жүр. Kalifarniya туралы не белгілі?

Аспаздың оқуына түсіп, курьер болып, хит жазып жүр. Kalifarniya туралы не белгілі?
Фото: instagram.com/kalifarniya

Kalifarniya лақап атымен белгілі әнші Фархат Қалиевтің әндері бүгінде бірінен соң бірі хит болып жатыр. Жақында әнші үйленген болатын. Әнші туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі Kalifarniya-ның сұхбаттарына шолу жасап көрді. 

Фархат Қалиев 23-те. Ақтөбе қаласында туған. Ernur.kz сайтындағы мәлімет бойынша, Фархаттың ата-анасы Алматыда тұрады. Өзінен бөлек ағасы бар. Әкесі бұрын жүк тасыған, анасы ыдыс жуушы болған.

Kalifarniya музыкалық мектепті бітірген. Үшінші сыныптан бастап гастрольдерге шыға бастаған. Бірақ соған қарамастан Фархат өзін "көшеден келген әртіс" қатарына жатқызады. Себебі Kalifarniya музыка мектебін бітіргенімен артынша музыкалық колледж не жоғарғы оқу орнын бітірмеген екен. 


Фото: instagram.com/kalifarniya

Фархат музыкалық колледжге түсуге талпынған. Бірақ түсе алмай қалған. Осылайша қолын бір сілтеп, "аспаз" мамандығы бойынша колледжге түскен. Тіпті аспаздықтан жақсы нәтижелер көрсетіп, конкурстарға да қатысуы керек болған. Алайда Фархат Алматыға кетуді армандаған. Анасы бастапқыда қарсы болып, кейіннен рұқсатын берген. 

Алматыға алғаш келген кездері қиын болған

Әншінің сөзінше, Алматыға 19 жасында келген. Алғаш келгенде қалада ешкімді танымайтындықтан әрі өзі жас болғандықтан қиын болған. Бұл туралы Фархат журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтқан. 

Осылайша Фархат Алматыға келген жылдары курьер болып та жұмыс істеген. Әнші Алматыға келер алдында өзіне төрт ай жұмыс істеп бір ән шығарамын деп уәде берген. Бірақ қалаға бір жылдай үйренісіп жүрген. 

"Артынша студия тауып, "бауырым, донеріңді алып беремін, бірнәрсе жазып едім, тыңдап көресің бе?" деп адамдармен араласып жүрдім. Ең алғашқы әнімді бір жылдан кейін шығардым", - дейді ол Динара Сәтжанға берген сұхбатында.


Фото: instagram.com/kalifarniya

Бірнеше әні атыраулық актрисаға арналған

Жалпы, Фархаттың әндерінің шығу тарихы әртүрлі.

"Роза", "Доза", "Қар" үшеуі де атыраулық актриса қызға арналды. Сол қызға ғашық болып, Атырауға барған кезде Жайықтың жағасында жүріп туындаған әндер еді. Ол кезде жарияламадым. 8 айдан соң ғана жарыққа шықты. Бұл әндерді арнаған қыз өзі біледі. Қазір сөйлеспейміз. Бірақ әр әндегі жазылған мағынаны ол өзі түсініп отырады", - деген еді әнші ernur.kz сайтына берген сұхбатында.

Алғашқы хейт

Фархат алғаш хейтке Ақтаудағы концерттен кейін тап болған. 

"Құлағымда құлаққап болмады. "Аспан" деген өлеңді айтып жатырмын. Колонкалар тұр. Музыка қосылған кезде "бастар" "гу" етіп басып тастады. Маған дауыс естілмей жатыр. Бірақ дауысқа түсіп айтып жатқандай болдым. Концерттен кейін интернет шулап жатыр екен. Мен видеода нотаға түспей, дұрыс айтпай жатыр екенмін. Өмірімде бірінші рет болып тұр ондай хейт. Сол кезде қатты сынып қалдым", - дейді әнші DOPE SOZ YouTube-арнасына берген сұхбатында. 

Одан бөлек, әншіге киіну стиліне қатысты хейт көп айтылады екен. Себебі Фархат образдарында түрлі эксперимент жасап, әртүрлі түсті киімдер, оның ішінде қызғылт киімдер киіп те шығады.


Фото: instagram.com/kalifarniya

Алайда қазір ол хейтке "еті үйреніп", оңай қабылдай бастаған екен.   

Бүгінде Фархаттың әндеріне түсірілген бейнебаяндар миллиондаған қаралым жинап, халық арасында кеңінен таралып жүр. Мысалы биыл жазда хитке айналған Puerto-Rico әніне түсірілген бейнебаян 11 миллион қаралым жинап үлгерген. Ал жақында ғана шыққан Oi Barekeldi әні жарты миллионға жуық қаралым жинаған.  

Фархат жақында үйленген болатын.


Фото: instagram.com/aanelyin

Оның әйелі Анель де өнерде жүрген ару. Ол фильмдерге түсіп жүр. Сонымен қатар, биші. Танымал әншілердің бейнеклиптерінде және сахнада би қойылымдарын қояды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина