- Негізгі бет
- LifeStyle
- “Аспанға қараймын“ хитінің...
“Аспанға қараймын“ хитінің авторы Абай Бегейге ренішін білдірді
Танымал әнші Абай Бегей орындайтын "Аспанға қараймын" әнінің авторы Дәуір Абайұлы әншіге ренжулі екенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Аспанға қараймын" әнін жазған кім?
10 жыл бойы Қазақстандағы кез келген тойда орындалып келе жатқан хит ән "Аспанға қараймынды" жазған композитор отандық телебағдарламаға сұхбат берді. Аталған ән қазақстандық әнші Абай Бегейдің жұлдызын жаққанымен, әннің авторы Дәуір Абайұлына сәтті болмаған сияқты. Композитор қазір такси жүргізушісі болып жұмыс істейді.
"Қазір шығармашылықтан жырақтап қалдым. "Аспанға қараймын" деген әнім хит болды, бірақ мен үшін аса бір материалдық пайдасы болмады. Тек қана кей адамдар "Әннің авторы Қызылорданың жігіті екен, Дәуір деген азамат екен" дегені болмаса, келіп-кетер байлығы да, пайдасы да болмады", – дейді ол.
Әннің авторы Абай Бегейге неге ренжулі?
Әннің авторы Абай Бегейге ренжулі екенін де жасырмады. Ол бірнеше рет әншіден көмек сұрап хабарласқанда Абай Бегей қолұшын созбапты.
"Абай Бегеймен арамыз жақсы деп айта алмаймын. Бірнеше рет көмек сұрап хабарласқан болатынмын. Бірақ "жоқ" деген жауап алған соң, әрі қарай түсінікті болды. Сосын мен де қоя салдым. Абай Бегей сол әнмен барлық жағдайын жасап алды. Бір хабарласып, "Ой, Дәке, жағдайың қалай, не істеп жатырсың?" деп сұрауына болар еді ғой. Жалпы, менің ғана емес, әрбір хит болған әннің авторының көкейінде бір өкпесі бар шығар деп ойлаймын. Мен де өкпелімін. Ақшалай көмек сұрағанымда "Жоқ!" деп кесіп айтты. Негізі оған дейін де арамызда түсінбеушілік, кикілжің болғаны рас", – деді Дәуір Абайұлы.
Осы өкпе-ренішін айтуы үшін әннің авторы тіпті "Астарлы ақиқат" бағдарламасының студиясына келіпті.
Дәуір Абайұлының басқа қандай әндері бар?
Композитордың айтуынша, "Аспанға қараймын" әнінен басқа да туындылары халық арасында орындалып жүр екен. Бірақ олар дәл осындай хит бола қоймағанын айтады автор.
"Сұрағаның шанс па?
Сұрағаның вальс па?
Кел одан да мен сені,
Апарайын Ғарышқа", – дейтін әннің де авторы Дәуір Абайұлы екен.
Алғашында бұл әнді автордың өзі орындаса, кейін қызылордалық "Сейхун" тобының репертуарына қосылыпты.
Композитордың қазіргі табысы қандай?
Дәуір Абайұлы қазір такси жүргізушісі. Күніне 10 мың теңге табыс табады екен.
"Көлікті несиеге алғанмын. Ай сайын 148 мың теңге несие төлеймін. Одан бөлек, басқа да қарыздарым бар. Жалпы сомасы 298 мың теңге төлеп отыруым керек. Шүкір, табысым өзіме жетеді", – дейді ол.
Еске салайық, жақында Абай Бегейдің 16 жастағы қызы тұрмысқа шығып, әнші қызына су жаңа көлік сыйлаған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Ибраева