- Негізгі бет
- LifeStyle
- Әскери адамға тұрмысқа...
Әскери адамға тұрмысқа шығатын қыздарға кеңес
Әскери қызметшілердің мойнына үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелген. Осы күрделі саланың маманымен бас қосып, әскери адамның жұбайы болу да оңай емес. Massaget.kz тілшісі әскери адамның жары болудың артықшылығы мен кемшілігі және әскери саладағы жігітке тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға не айтасыз деген сауалдар қойды.
Арайлым, 27 жаста. Жолдасым - әскери қызметкер. Отау құрғанымызға 4 жыл болды.
Әскери адамның жары болудың артықшылығы:
Біріншіден, тұрақты жұмыс және тұрақты табыс. Ай сайын жалақыдан бөлек отбасы мүшесінің әрқайсысына берілетін пәтер ақысы. Сонымен қатар артықшылық деп жас отбасыларға ұсынылатын тегін пәтерді айта аламын.
Әскери адамның жары болудың кемшіліктері:
Жолдасыңды жұмысқа кез-келген уақытта шақыртып алуы әбден мүмкін. Сол үшін шетелге шығу немесе қаладан белгілі бір шақырым асуға болмайды. Қыдыру, саяхат мәселесі 1 жыл бұрын қағаз келісіммен шешіледі. Елімізде келеңсіз жағдайлар орын алып қалған жағдайларда ең бірінші болып саптық шеруде тұратын - әскери адамдар. Сол үшін үрей мен қорқыныш қатар жүреді деп айта аламын. Туған-туыс, дос-жарандармен кездесу барысында көп жағдайда жолдасым жұмыста болатындықтан, жалғыз өзіме баруға тура келетін кездер болады. Үнемі басқа аймақ, қала, ауданға лауазым бойынша ауыстырып жіберген жағдайда, жүгің жинаулы дайын болуы керек.
Әскери адамға тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға кеңес:
Әскери саладағы жігітке тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға айтарым, темірдей тәртіпке дайын болыңыз. Жолдасыңыз әскери адам болғандықтан, сөйлеген сөзі өктемірек болуы мүмкін. Сізге дейін әскери тәртіпке үйреніп қалған жолдасыңыз, сізден де соны талап ететіндіктен, киімнің жағасын тігу, ұзын қонышты әскери етіктің шаңын сүрту сынды жұмыстарды қалыс қалдырмаңыз. Жолдасыңыз үнемі жаныңызда болмауы мүмкін, түсініспеушілік туындамауы үшін, тағы да ой елегенінен өткізгеніңіз абзал. Қазақстанның кез-келген қаласына көшіп-қонуға дайын болыңыз. Яғни, бейімделу процесі жылдам болғаны дұрыс.
Егер баспаналарыңыз болмаса, ақшаңызды жинаңыз. Себебі, "әскери баспана" бағдарламасы арқылы қаншама жастар үйлі болуда. Таңдаған ер-азаматтарыңызбен бақытты болыңыздар!
Фариза, 24 жаста. Жолдасым - кеме командирі. Әскери адамға тұрмысқа шыққаныма 3 жыл болды.
Әскери адамның жары болудың артықшылығы:
Тұрақты жұмыс пен жалақы, сәйкесінше өз отбасы мен балаларын қамтамасыз ете алады. Әскери адамдар әдетте көшіп жүретіндіктен, әртүрлі қалалардан жаңа таныстар табасыз.
Әскери адамның жары болудың кемшіліктері:
Оның жұмыс кестесі мерекелерде, шараларда жаныңыздан табылуына мүмкіндік бере бермейді. Барлық жоспарларыңыз оның жұмысына байланысты болады. Туыстарыңыз бен достарыңыз сізден алыс тұрады. Жолдасыңызға қай жаққа барса, сол жаққа баруға дайын болуға мәжбүрсіз, кейде тіпті өз жұмысыңыздан, арман-мақсатарыңыздан бас тарту қажет болады.
Әскери адамға тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға кеңес:
Әскери адамның жары болу оңай емес. Ең бастысы, шыдамды болып, барлық нрсеге дайын болуыңыз керек. Оның жұмысы қиын және оның барлық энергиясын алады, сондықтан әрқашан оны қолдауға тырысыңыз. Тәуліктеп, кейде апталап жолдасыңызды қызметтен күтесіз. Елімізде бірдеңе болса, бұл мәселе ең бірінші болып әскерилерге әсер етеді, сондықтан уайымдайсыз.
Гүлнар, 49 жаста. Жолдасыммен отау құрғанымызға 22 жыл болды. Соның 16 жылын екеуміз де қызметкер болып өткіздік. Жолдасым ішкі істер органдарынан зейнетке шығып, қазір басқа жұмыс жасайды. Қызметкердің отбасы болу үлкен міндет және жауапкершілік.
Әскери адамның жары болудың артықшылығы:
Ішкі істер органдарының отбасына жақсы көңіл бөлінеді. Мысалы, 8 наурызда қызметкерлердің әйелдерін құттықтайды, сыйлық береді. Мейрамдарда материалдық көмек ретінде сыйлықақылар беріледі. Сосын оның бірге жұмыс істейтін қызметкерлері бір-бірлеріне ерекше қамқор болады. Күйеуің қандай да бір мейрамдарда, туған күндерде іссапармен басқа қалаға кетсе, оның бірге жұмыс істейтін жолдастары күйеуіңнің атынан құттықтап, сыйлық беріп жатады. Бұл, әрине, әйелге өте жағымды әсер етеді. Үйдің отағасы үйде жеткілікті бола алмағасын, ішкі істер органдарының кадрлық бөлімдері олардың отбасына барынша көңіл бөлуге, көмек көрсетуге тырысады. Отбасыда қиындық немесе қайғы болса, жылдам бірігіп ұйымдасуға келгенде сөз жоқ.
Әскери адамның жары болудың кемшіліктері:
Әскери адамның отбасында көп міндет әйел адамға артылады. Өйткені, әскери қызметкер болғасын үйдің отағасы көп уақытта қызметте жүреді, үйге тек киімін алмастыруға, ұйықтауға ғана келеді десем артық айтқаным емес. Ал отбасының жұмысын жүргізу, отбасының проблемаларын шешу, тәрбиемен айналысу әйел адамның мойнына ілінеді. Әрине, қазір енді зейнетке шыққасын қолы бос, ал кезінде апталап үйге келмейтін күндер де болды. Ол бала-шағаны көрмейді, сенімен сөйлесуге де аса уақыты бола бермейді.
Әскери адамға тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға кеңес:
Әскери қызметкердің жары болу ол да бір ерлік деп ойлаймын. Себебі отбасының бар қиыншылығы мен міндеті әйел адамның мойнына қалып қояды. Біріншіден, шыдамдылық керек. Ауыртпашылық пен міндеттерді мойныңызға артуға дайын болыңыз. Артынан реніш болып жүрмесін. Өйткені қызмет аты - қызмет. Өзім де 16 жылдан аса ішкі істер органдарында қызмет жасадым. Бір айырмашылығы - оқу орнында жұмыс істедім. Әріптестерімнің бәрі территорияда жұмыс істеп қалған адамдар болды. Сондықтан олардың міндеттерін, мінез-құлқын түсіне білдім. Сәйкесінше, үйде де жолдасыма түсіністікпен қарауға тырыстым. Ал әскери қызметке ешқандай қатысы жоқ қыздарға қиындау болатын шығар деп ойлаймын. Төзімділік керек. Ол үйде болмайды, қандай көңіл күймен келсе де оны түсінуге тырысуыңыз керек.
Екіншіден, арада сүйіспеншілік, махаббат, көңіл, сыйластық болуы керек. Өзім жеке әскери адамға тұрмысқа шыққаныма өкінбеймін. Өмірдің бар қыр-сырын бірге көріп келеміз. Бір-бірімізге қамқоршы, түсінуші, тіреуші болып өмір сүріп жатырмыз.
Рената, 24 жаста. Жодасым кеме командирі болып қызмет етеді. Шаңырақ көтергенімізге 3 жыл болды.
Әскери адамның жары болудың артықшылығына тұрақтылықты жатқызар едім. Ал кемшілігіне оның жаныңызда көп болмайтынын жатқызамын. Жолдасыңыз көп уақытын жұмыста өткізеді, сондықтан ол балаларыңыздың қалай өскенін көрмейді және барлық маңызды шараларды өткізіп алады.
Әскери адамға тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға кеңес:
Мен қыздарға әскери адамға тұрмыс құруға кеңес беремін бе? Жоқ деп ойлаймын. Себебі өте қиын болады, үлкен шыдамдылық қажет және көбіне жалғыз болатыныңызды түсінуіңіз керек. Алайда қайда бара жатқаныңызды жақсы түсінсеңіз, тек алға!
А. Жапатова