- Негізгі бет
- LifeStyle
- Ас беру: садақада...
Ас беру: садақада не істеуге болмайды?
Дүние салған кісіге сауабы тисін деген мақсатта берілетін асты "Құдайы ас" деп атайды. "Құдайы ас" атауынан көрініп тұрғандай, ол - қайтыс болған адамға арналған ас. Оны еліміздің әр өңірінде әртүрлі, мысалы, садақа, жабдық, береке жинау және т.б деп атауы мүмкін. Қазір қоғамда қайтыс болған кісіні арулап көміп, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, пайдасыз кейбір әдеттер белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ көпшілікке мол дастархан жайып, шектен тыс шығындалып, кейде тіпті, ысырапшылық жасап жатады. Мұндай асты қарыз алып та жасайтындар бар. Бұл орташа табысы бар көптеген отбасыларға ауыртпашылық тудыруы мүмкін. Сондықтан ас берудің әдебін сақтаған жөн. Осыған орай, ҚМДБ қабылдаған арнайы құжаттағы мәліметтерге сүйене отырып, ас берудің әдебін ұсынуды жөн көрдік, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құдайы ас берудің негізгі 7 әдебі
1. Шынайы ниет ету
Асыл дінімізде кез келген іске кіріспес бұрын әуелі шынайы ниет пен ықыласқа ерекше мән
беріледі. Құдайы астағы оқылған Құранның, жасалған дұғаның, берілген садақаның мақсаты – тірілердің
не ойлайтыны емес, марқұмның мәңгілік өміріне пайдасын тигізетін ізгі амал жасап сауабын бағыштау.
2. Құдайы асқа қайтыс болған адамның ұрпақтары мен туысқандарының жиналуы
Марқұмдарға арналған құдайы ас артында қалған ұрпақтарының, жұбайының, ұл-қыздарының және ет-бауыр жақындарының атынан беріледі. Берілетін асқа, онда оқылатын Құранға, жасалатын дұғаға қайтыс болған кісінің ұрпақтары мен туысқандарының қатысқаны абзал. Сондай-ақ Құдайы асқа жасы үлкен кісілер, жақын туыстары, көршілері мен достары шақырылады.
3. Құран оқу, бата беру және дұға жасау
Әрбір құдайы астың түпкі мақсаты – дүние салған адамдардың рухына Құран аяттарын бағыштау. Асқа Құран оқыту үшін жергілікті мешіттің имамын шақырған жөн. Егер марқұмның ет бауыр жақындарының арасында Құранды сауатты оқитындар болса, оларға оқыту артықтық етпейді. Оқылған аяттың дұғасын жасағанда марқұмдардың өз атымен қоса оның әкесінің есімін қосып айтқан жөн.
4. Ысырапқа жол бермеу
Уақыт – адам баласына берілген ең ұлық нығметтің бірі. Сондықтан құдайы астарды мезгілсіз уақытта бастап, ұзақ уақытқа созу, келген жұрттың уақытын алып, пайдасыз әңгімелер айту – орынсыз. Шақырған жерге кешікпей, уақытында бару керек.
Құдайы астың тағы бір талабы – асты уақытында бастап, барынша уақытылы аяқтау. Құдайы ас өткізу жұма намазының уақытымен тұспа-тұс келмеуі тиіс.
Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят). Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс.
5. Құдайы аста уағыз-насихат айту
Көпшілік жиналған құдайы астарда Алланы еске алудың, шынайы сенім мен имандылықтың
маңызы жайлы, сауапты істер туралы имамның қысқаша уағыз айтқаны жөн.
6. Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату
Құдайы асқа жиналған қауым қаралы шаңырақтың қайғысын қозғауға емес, қиын сәтте қолдауға келеді. Асқа келген көпшіліктің арасынан нағашылары, құда-жегжаты, ағайыны сынды жақындары ниет білдіріп, көңіл
айтып, марқұмның жақсылықтарын сөз етіп, артында қалғандардың көңілін жұбату мақсатында ғибратты әңгіме айтқаны жөн. Жұрттың көзіне көріну үшін құдайы аста көп сөйлеу жөнсіз.
7. Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау
Құдайас дастарханында қарапайымдылық таныту – әдептіліктің белгісі әрі мәдениеттіліктің көрінісі. Құдайы астың дастархан мәзірінде барынша қарапайымдылық сақталғаны жөн.
Оқи отырыңыз: Өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарыла ма?
А. Жапатова