Арықтау үшін қалай ашығу керек? Эндокринологпен сұхбат

Көпшілік адам тамақтан бас тартса, арықтаймын деп ойлайды. Артық салмақтан арылғысы келетін адамдар түрлі диеталарды байқап көреді, соның ішінде жиі ашығу арқылы арықтауды таңдайды. Алайда ашығудың артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар, ал кей адамдарға ашығуға болмайды. Ендеше, арықтау үшін қалай дұрыс ашығу керек? Бұл сұраққа жауап алу үшін  Massaget.kz тілшісі эндокринолог және диетолог Салтанат Болатбекқызымен сұхбаттасты.

Артық салмақ неден пайда болады?

Салтанат Болатбекқызы әр адамда артық салмақ әртүрлі себептен пайда болатынын айтты.

"Артық салмақ әртүрлі себептен пайда болады, алайда 80% жағдайда тамақты артық мөлшерде жеу, көп калория тұтыну, режим сақтамау, ақуыздар мен көмірсулардың тепе-теңдігінің болмауы, таңғы асты ішпеу секілді қателіктер кездеседі. Қалған 20%-ға ағзадағы өзгерістер жатады. Мысалы, адам әр 5 келі салмақты қосқан сайын ағзасында болатын өзгерістер бар: дәрумендердің жетіспеушілігі, ақуыздың аз болуы, гормондардың бұзылысы және т.б.", - дейді ол.

Арықтауды неден бастау керек?

Эндокринолог арықтауды ашығудан бастамауға кеңес берді. Ол негізгі ережелерді бөлісті.

Дұрыс мақсат қою

Салтанат Болатбекқызы арықтағысы келетін адам ең алдымен дұрыс мақсат қою керегін айтты.

"Арықтау үлкен биохимиялық процеске жатады. Арықтауды ашығудан бастаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Арықтауды қолға алған кез келген адам ең бірінші тек салмақ тастауды емес, сондай-ақ екі мақсатты қолға алу керек. Бірінші - ағзадағы бұлшықеттің массасын емес, тек артық майларды кетіруді, екінші - тастаған артық салмақты қайтадан қосып алмауды мақсат ету керек. Сол кезде адам сапалы арықтайды. Сапалы арықтау дегеніміз - салмақ қайтадан қосылмай, денсаулыққа ешқандай зияны болмай, ағзаға жағдай жасай отырып, дұрыс арықтау", - дейді маман.

depositphotos.com

Анализдер тапсыру

Маман жоғарыда кей жағдайда артық салмақ ағзадағы өзгерістерден болатынын ескерткен болатын. Сондықтан да ол арықтауды қолға алмас бұрын дәрігерге көрініп, анализдер тапсыру керегін айтты.

"Анализдер тапсырып, қандай дәрумендер жетіспейтінін, қандай гормондарда өзгерістер бар екенін анықтау керек. Артық салмақпен жұмыс істейтін дәрігерлер адамның шағымына қарай денесіндегі өзгерістерге, май жиналған аймақтарға қарап, арнайы анализдер жиынтығын береді. Себебі мысалы, іштегі майдың ыдырауына қатысатын дәрумендер тобы болады. Соларды тексеріп, қажетті дәрумендерді ішіп, тамақтануды дұрыстасаңыз, арықтау сәтті өтеді. Содан кейін ғана ағзаны бір қалыпқа келтіріп алып, ашығуға болады", - дейді эндокринолог.

Тамақтануды ретке келтіру

Дұрыс тамақтану кезінде ақуыздар, майлар және көмірсулардың тепе-теңдігін сақтау керек. Ондай мәзірді нутрициолог, диетолог мамандар жасап бере алады.

Кімдерге ашығуға болмайды?

Кей адамдарда ашығуға қарсы көрсетілім болады.

"Мысалы, бүйрек үсті безінің шаршағыштығы бар адамдар ашығуға шыдамайды. Олар ашығатын болса, керісінше, қатты әлсіреп, шаршап қалады. Терісі салбырап, энергиясы азайып, яғни ары қарай салауатты өмір салтын ұстануға ағзасында ешқандай күш қалмайды. Сөйтіп, ол тәттіні, көмірсуларды көп жейді де, қайтадан артық салмақ қосып алады. Бүйрек үсті безінің шаршағыштығының белгілеріне көз астының қараюы, таңертең өздігінен тұра алмау, таңертең тұра сала кофе ішпесе немесе тәтті жемесе, ұйқысының ашылмауы, күні бойы ұйқысы келіп жүріп, кешке ұйқысының ашылып кетуі, шаш түсуі, терінің құрғауы жатады.

Сондай-ақ өті қоюланған, өтінде тасы бар адамдарға ашығуға болмайды. Себебі өт бөлініп тұруы үшін үздіксіз тамақтану керек. Егер тамақ ішпесе, өт бөлінбей қалады да, керісінше, тастар жылжып кетеді немесе қоюланып тұрған өт тасқа айналып кетуі мүмкін", - деп ескертті Салтанат Болатбекқызы.

Сондай-ақ маман балалар мен жасөспірімдерге, қарт кісілерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге, дене массасының индексі төмен адамдарға, эндокринді жүйе аурулары және бауыр циррозы бар адамдарға ашығуға болмайтынын айтты.

Арықтау кезінде көпшілік жіберетін қателіктер

Эндокринолог Салтанат Болатбекқызы көпшіліктен байқайтын қателіктерді атады.

  1. Трендтегі өнімді пайдалану. Диеталар қалай жұмыс істейді? Калорияны азайтады, адам аз тамақ жеген есебінен ағза энергия алу үшін майды жағады. Негізгі принцип осындай. Бірақ ағза қалай тамақты азайтып жатқаныңызды біледі. Мысалы, "апельсин-жұмыртқа" деген диета хит болды. Ол жерде көмірсулардың ешқандай тепе-теңдігі сақталмайды. Адам ағзасы бір күнде соншалықты ақуызды қорыта алмайды. 
  2. Дәрілер, капсулалар, шайлар, коктейльдер ішу. Олар да диеталар сияқты жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ адам артық салмақтың себебімен жұмыс жасамағандықтан, салауатты өмір салтын ұстамағандықтан, кейін қайтадан салмақ қосып алады. Алдағы уақытта арықтаймын десе де, салмақтың түспейтін жағдайы пайда болады. 
  3. Еш тексеріссіз бірден спортпен шұғылданып кету. Спортпен шұғылдану үшін адам ағзасында ақуыз жеткілікті болуы керек. Ақуыз аз болса, адам арықтай алмайды. Себебі майды жағатын - ақуыз. Егер бұлшықет массасы аз болса, тамақтану реттелмеген болса, адамда спортпен шұғылдануға энергия қалмайды. Бір ай өзін қинап баруы мүмкін, екінші айда оны тастап кетеді және салмағын қайтадан қосып алады. Бір-екі ай ағзадағы жетіспеушіліктердің бәрін толтырып, қажетті дәрумендерді ішіп, тамақтануды дұрыстағаннан кейін ғана спортпен шұғылдануға болады. Спортпен шұғылданғанның өзінде тамақтану дұрыс болуы керек. Әйтпесе ол арықтауы мүмкін, бірақ шашы уыстап түсуі, терісі құрғай бастауы, түнде ұйықтай алмауы мүмкін.

16/8 әдісі бойынша ашығу

Ашығудың түрлі әдісі бар. Мысалы, сумен ашығу, құрғақ ашығу, интервалды ашығу, 24 сағаттық ашығу, 36 сағаттық ашығу және т.б.

Кең тараған ашығу әдісі - 16/8 интервалды тамақтану. Маман егер жоғарыда айтылған ережелердің барлығы сақталса, осы әдісті ұстанып көруге болатынын айтты.

"Ашығудың бұл әдісі бойынша, 8 сағат тамақтанасыз, 16 сағат ештеңе жемейсіз. Кешкі асты сағат 18:00-де жейсіз, содан кейін таңертеңгі сағат 10:00-ге дейін ештеңе жемейсіз", - дейді дәрігер.

Салтанат Болатбекқызы 8 сағат тамақ ішуге берілетін уақыт ішінде де дұрыс тамақтану маңызды екенін айтты.

"Адамның салмағына қарай күнделікті тұтыну керек ақуыз және көмірсулар мөлшері болады. Сегіз сағат бойы сол мөлшердің орнын толтыру керек. Мысалы, адамның салмағы 50 келі болса, ол күніне кем деген 100 г ақуыз тұтынуы керек. 8 сағат қалаған тамағымды жеймін деп адам көмірсуларға толы өнімдерді жеп алуы мүмкін, соның әсерінен ағзада кері процесс жүреді: ақуыздар денеде ыдырап кетеді, ал ақуыз біздің әр жасушамызда бар. Сондай-ақ пайдалы майларды шектеп тастауға болмайды, ашыққан кезде адам өті қоюланып кетуі мүмкін, сондықтан пайдалы майлардың да мөлшерін ұмытпаңыз", - деп қорытындылады маман.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!