Артериялық гипертония - жүрек-қан тамырлары аурулары мен мезгілсіз өлімнің ең қауіпті әрі кең таралған факторларының бірі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Статистика не дейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мәліметінше, әлем бойынша 30-дан 79 жасқа дейінгі 1,28 миллиардтан аса адам гипертониямен ауырады, сонымен қатар, науқастардың шамамен 46%-ы өз диагнозын білмейді.
Қазақстанда биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша артериялық гипертензия диагнозы бар науқастардың үлесі 47,7% болған.
2024 жылы скринингтен 1,9 миллионға жуық адам өтті, нәтижесінде 104 мыңнан аса жаңа гипертония жағдайы анықталып, олар тұрақты бақылауға алынған.
Ауру белгілері мен анықтау жолы
Аурудың бастапқы кезеңінде ешқандай белгілер болмайды, алайда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізілетін қан қысымын өлшеу, ЭКГ түсіру және зертханалық талдаулардың арқасында науқастар дер кезінде ем қабылдай бастайды және қажет болған жағдайда диспансерлік есепке алынады.
Еуропалық гипертония қоғамының ұсыныстарына сәйкес:
- Артериялық қысым деңгейі 140/90 мм сын. бағ. төмен болуға тиіс;
- Емдеу өмір салтын өзгертуді (тұз тұтынуды азайту, темекі мен алкогольден бас тарту, физикалық белсенділік) және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеуді қамтиды.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты қан қысымын бақылауға, профилактикалық тексерістен тұрақты түрде өтуге және дәрігердің ұсыныстарын орындауға шақырды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова