“Арқалыққа Моңғолиядан келген“. Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібекке қатысты тың дерек шықты

“Арқалыққа Моңғолиядан келген“. Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібекке қатысты тың дерек шықты
Фото: әлеуметтік желіден

Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібектің өміріне қатысты жаңа ақпарат айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тың деректі Қазақ радиосы жариялады.

"Торғай топырағында туып, шетел асқан Жәнібектің туған анасы болуы мүмкін азамат туралы хат келді. Хатта айтылған дерек Жәнібектің мәліметіне сай келеді. ДНҚ тестін тапсырса, нәтижесін Қымбат Досжан айтады", - деп жазылған мәліметте.

Қазақ радиосының ақпаратына сүйенсек, Жәнібек Қазақстанға келген күннен бері редакция іздеу жұмысын бір сәтке де тоқтатпаған.

"Бұл ақпараттың Жәнібекке қатысы бар ма, жоқ па, нақты білмеймін. Бірақ бір ақпаратым бар. Менің туған қайын әпкем Моңғолия мемлекетінен 2002 жылы Арқалық қаласына оқуға келген. Сол кезде ол кісінің аяғы ауыр болған екен. Оны ешкімге, тіпті елінде қалған әке-шешесіне де айтпаған. 2002 жылы 17 ақпанда немесе қаңтарда аман-есен босанып, дүниеге ұл бала әкеліпті. Арқалықта ешқандай туысы болмаған соң, бір жағынан өзі студент баланы перзентханаға қалдырып кетеді. Өз қолымен "өз еркіммен бас тартамын" деп қолхат жазып беріп кетіпті. Қазір сол бала қайда екенін іздейді. Кейде Жәнібекті әлеуметтік желіден немесе теледидардан көргенде өзіне қатты ұқсатады. "Жәнібек менің балам ба?" деп ойлайды. Осы бойынша ДНҚ тапсырғысы келеді", - деп жазылған хатта.

Айта кетейік, бельгиялық азамат 2023 жылы Қазақстанға анасын іздеп келді. Екі жылдан аса уақыт ішінде түрлі болжам жасалып, 60-тан аса әйелден ДНҚ алынған. Бірақ қазақ баланың анасы әзірге табылмады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget