Сауалнама нәтижесінде әрбір бесінші қазақстандық елден көшуді ойлайтыны анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
13-24 қараша аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониторинг бюросы халық арасында "Қазақстандықтардың шетелге кеткен білікті мамандар туралы ойы" деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Бұл жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүргізіп отыр.
Сауалнама нәтижесі бойынша әр бесінші респондент (21%) елден көшу туралы ойланатынын айтты. Олардың ішінде 6,9%-ы алдағы 2-3 жылда көшуге ниетті. 5,6%-ы көшуді жоспарлап отырғанымен, әзірге мүмкіндігі жоқ, ал 8,4%-ы белгілі бір жағдай болса, көшу мүмкіндігін қарастырып отыр. Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың 78,5%-ы жақын арада елден кетуді жоспарламайтынын айтты.
Көшуге деген ниет көбіне респонденттердің жасына байланысты. Көшіп кетуге ең көп ниет білдірген респонденттер - жастар мен орта жастағы адамдар. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 25% көшу туралы ойланса, 30 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 30%-ға жақын. Одан кейінгі жас санатындағы әр оныншы адам нақты көшуге ниетті (10,7%-ы алдағы 2-3 жылда көшуді жоспарлап отыр).
Респонденттердің басым көпшілігі (83,7%) Қазақстанда туған, 9,3%-ы елде 20 жылдан аса уақыт тұрып келеді. Ал 6,8%-ы Қазақстанда 20 жылдан аз уақыт тұрады.
"Елден кетуді жоспарлаған респонденттерден оларды көшіп кетуге итермелейтін нақты себептер туралы сұрақ қойылды. Көпшілігі жоғары жалақы алуға (24,5%), өздері мен балалары үшін перспективаның жоқтығын (23,9%), сондай-ақ жақсы жұмыс табу ниетін (14%) атады. Бір қызығы, жастардың көбі сапалы білім алуға және өзін-өзі дамытуға жағдай жасауға ұмтылады, ал орта және үлкен жастағы топтар өздері мен балалары үшін мүмкіндіктердің жоқтығын жиі айтады", - деп жазылған мәліметте.
Сондай-ақ респонденттер көші-қонға қатысты мына себептерді атады:
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстанға 20 мыңнан астам адам көшіп келген, ал елден кеткендердің саны екі есе аз, 10,2 мың адам.
Елден кеткендердің арасында сұранысқа ие техникалық мамандық иелері (1,2 мың адам), экономистер (589 адам), педагогтар (385 адам), сәулетшілер мен құрылысшылар (261 адам), сондай-ақ заңгерлер (170 адам) үлесі көп.
Қазақстандықтардың басым бөлігі (63,3%) отандастарының шетелге қоныс аударуына түсіністікпен қарайды. Респонденттердің 11,4%-ы оларды сынаса, 21%-ы бейтарап екенін айтты.
Зерттеу қазақстандықтар үшін эмиграцияға ең тартымды елдерді де анықтады. Көш бастап тұрған елдер - АҚШ (7,7%), Ресей (6,2%), Еуропа елдері (5,1%), Түркия (4,6%) және Канада (2,6%). Сонымен қатар респонденттердің 35%-ы көшуге ниет білдіретін ел жоқ екенін айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!