Бірнеше күннен бері Қазақстанның бірқатар өңірінде қатты ыстық болып тұр. Жазды күні көп адам табиғатқа, тауға, көкке шыққанды жөн көреді. Мұндай ауа райында қалай қауіпсіз демалуға болады? Massaget.kz тілшісі материалында.
Құтқарушы Вадим Пак тауға шықпас бұрын ауа райы болжамын міндетті түрде тексеруге кеңес берді. Аптап деп болжанса, сапарды қолайлы күнге шегерген дұрыс. Ештеңеге қарамай жолға шығуға бел бусаңыз, маңызды ережелерді бұлжытпай орындау қажет.
Тауға жалғыз бармаңыз, топпен жүріңіз. Маршрутты алдын ала зерттеңіз, жолға шығар алдында суретке түсіп, туыстарыңызға қайда, қашан баратыныңызды және қашан оралуды жоспарлап отырғаныңызды хабарлаңыз. Міндетті түрде күннен қорғайтын крем қолданыңыз.
"Тауда сағат 10–11-ден кейін ыстық болады. Күн шықпай тұрып жолға шыққан дұрыс, ал түскі уақытта көлеңкеде немесе су маңында болыңыз. Бұл күн тиюдің алдын алады", дейді ТЖМ республикалық жедел құтқару жасағының бөлім басшысы.
Жазда тері тез күйіп кетеді. Ең дұрысы - тез кебетін және ауа өткізетін ашық түсті маталардан тігілген киім. Мұндай киім ультракүлгін сәуледен қорғайды және дене қызуына жол бермейді.
Бас киім күн өту қаупін азайтады. Кең жиекті панама бас, бет, құлақ пен мойынды қорғайды. Егер кепка кисеңіз, мойынға шарф немесе бафф тағу қажет.
Шөлдегенше күтпеңіз, әр 20–30 минут сайын бірнеше жұтым су ішіп отырыңыз. Әсіресе, су – таудағы ең басты ресурс.
Әлсіздік, бас айналу, жүрек айну сезілсе, күн өткенінің белгісі болуы мүмкін. Мұндай белгілерге көз жұма қарамаңыз. Алғашқы белгілер пайда болғанда тоқтап, демалыңыз, қажет болса көмек сұраңыз.
Ыстықта тіпті таныс маршрут та қиын болуы мүмкін. Қатты шаршасаңыз, жолды қысқартып, қайтыңыз. Қауіпсіздік әрқашан маңызды.
Астана медицина университетінің балалар анестезиологиясы және интенсивті терапия кафедрасының меңгерушісі Нұрила Малтабарова ыстықта қажет болар қарапайым сақтық шараларын еске салды:
Сағат 11:00–17:00 аралығында далаға шықпаған жөн. Міндетті түрде бас киім киіп, ашық түсті, кең киім таңдаңыз және көлеңкеде жүруге тырысыңыз.
Салқындататын сусындар ішіңіз: шай, морс, компот. Ішімдік пен тәтті, газдалған сусындардан аулақ болыңыз. Күні бойы ағзадағы су балансын сақтаңыз.
Оларды жабық көлікте немесе бөлмеде қалдырмаңыз. Жиі су беріп, жағдайын бақылаңыз, ең ыстық уақытта серуендеуден бас тартыңыз.
Пикникке баруды жоспарласаңыз, күн астында ұзақ болудан аулақ болыңыз. Көлеңкеде болған дұрыс, аш қарынға немесе тамақ ішкен соң бірден күнге жатпаңыз. Күн көзінде жатуға ең қолайлы уақыт – тамақтан кейінгі 1–1,5 сағат.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз