Аптап ыстық қан қысымына қалай әсер етеді: кардиолог түсіндірді

Аптап ыстық қан қысымына қалай әсер етеді: кардиолог түсіндірді
Фото: depositphotos.com

Аптап ыстықта көбінің қан қысымы төмендеуі мүмкін. Ал жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдардың жағдайы керісінше нашарлауы ықтимал. Бұл туралы "Газета.Ru" басылымына сұхбат берген кардиолог Евгений Кокин ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, күн ысығанда ағза жылуды тезірек шығару үшін қан тамырларын кеңейтеді. Соның әсерінен қан қысымы аздап төмендеуі мүмкін. Бірақ бұл кезде жүрекке түсетін салмақ артады. Ал ағзаға су жетіспесе, қан қоюланып, жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін күш одан сайын көбейеді.

"Қан қысымы жоғары, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі немесе жүрек ырғағы бұзылған адамдар аптап ыстықта өзін нашар сезінуі мүмкін", - деді Кокин.

Кардиолог жазда тұзды аз тұтынуға және жеткілікті су ішуге кеңес берді. Оның айтуынша, күнделікті ас мәзірінде көкөніс, жеміс-жидек, тұтас дәнді өнімдер, бұршақ дақылдары, майы аз балық пен құс еті, сондай-ақ, ашытылған сүт өнімдері болғаны дұрыс.

Суды бірден көп ішпей, күн бойы аз-аздан ішкен жөн. Қанша су ішу керегін шөлдеуіне байланысты және адамның қаншалық белсенді қимылдайтынына қарай реттеуге болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget