Бельгиялықтар асырап алған тағы бір қазақ жігіт елге келіп, анасын іздеп жүр. Massaget.kz тілшісі редакцияға көмек сұрап келген кейіпкермен сұхбаттасты.
Ербол Дүйсенов 1997 жылы 26 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Сол жылы үш күннен кейін №2 қалалық перзентханадан №1 Қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген. Бізге жеткен құжат бойынша, баланың анасы перзентханадан қашып кеткен.
Кейін ол 1997 жылы 22 қазанда №3 Балалар үйіне жіберілген. Бұл ақпарат Ербол Дүйсенов ұсынған Алматы қаласы Медеу аудандық сотының Шешімінде жазылған. Кейін баланы бельгиялық ерлі-зайыпты асырап алған.
Ербол Дүйсеновтің қазіргі есімі - Лука. Ал құжатта анасының есімі Дүйсенова Айнұр Байтұрсынқызы деп берілген.
Егер осындай есімді адамды танысаңыз, редакцияға хабарласуыңызды сұраймыз!
"Қазақстанға келгеніме 1,5 ай болды. Елге оралмағаныма 22 жыл болды. Мен анамды, түп тамырымды, отбасымды іздеп, туған елім туралы көбірек білу үшін келдім", - дейді ол.
Баланың анасының шын есімі де, мекенжайы да белгісіз.
"Балалар үйінде өткізген 3 жыл есімде жоқ. Кейін ата-анам Бельгиядан Қазақстанға келіп, мені асырап алды. Әкем Қазақстанда энергетикаға қатысты компанияда жұмыс істеді. Ата-анам табиғи жолмен бала сүйе алмаған соң, 2 баланы асырап алды, қазір менің қарындасым бар. Кейін біз ұшаққа мініп Бельгияға аттандық. Кішкентай болған кезде бәрі қиын болатын. Мен басқа балалардан шыққан тегіне, түріне қатысты қатты ерекшеленетімді білгенмін. Әкемнің жұмысының арқасында біз көп саяхаттайтынбыз: үш жыл Руандада тұрдық, сонда мектепке бардым. Кейін Перуге көштік. Өкінішке қарай, 2008 әкем қайтыс болды. Сол кезде Бельгияға қайтып келдік. Мені үнемі "Кіммін? не істеп жүрмін?" деген сұрақтар мазалап жүрді. Бірақ жас кезіңде басқа нәрселерге назар аударасың. Мектепті тәмамдап, 19 жасымда аспаз болып жұмысқа орналастым. Бұл сұрақтар жыл сайын мазалап жүрді, оның үстіне, анам да "сен - қазақсың, елге барғың келмей ме?" деп сұрап жүрді. Мен әзір емес екенімді, дайын болғанда барғым келетінін айттым. Жыл өткен сайын аспаздықтан жақсы тәжірибе жинадым", - дейді кейіпкер.
"Алматыда балалар үйіне бардым, онда жүзі жылы қызметкерлер маған анамды іздеуге көмектесті. Шыны керек, елге оралғанда алғашқы жоспарым отбасымды іздеу болған жоқ, ең алдымен, Қазақстанды көріп, адамдармен танысып, тағамдардан дәм татып, елім туралы аз да болсын білгім келді. Балалар үйіне барғаннан кейін анамды тапқым келеді деген шешімге келдім. Бұл бір қиын шешім болған жоқ. Егер іздемей Бельгияға кетіп қалсам, мүмкін тырнақ тістеп қалар ма едім. Қазір мұнда болғаныма қатты қуанамын. Мүмкін анамды, мүмкін әкемді тауып қалармын", - дейді Ербол.
Кейіпкердің айтуынша, ол туған анасына алғыс айтқысы келеді.
"Анамды оған қандай да бір сұрақтар қою үшін емес, жай онымен кездесу үшін тапқым келеді. Оған алғыс айтқым келеді, себебі ол мені 9 ай көтеріп, маған өмір сыйлады. Менің ойымша, бұл - махаббат, дұрыс шешім. Оның арқасында қанша адамды кездестірдім, білім алдым, саяхаттадым, қазіргі ата-анам махаббатқа бөледі. Қазір жүрегім махаббатқа толы. Мен жай ғана мені тастап кеткенінің себебін білгім келеді. Мында келгенде анамды көргендей болдым, шын мәнінде оны тапқан жоқпын, әрине, бірақ қазақтарды көріп, мәдениетті сезінгенде өзімнің кім екенімді түсінгендей болдым. Өйткені Еуропада бәрі басқаша, сондықтан көп нәрсені түсінбей қаласың. Менің білімім, достарым - барлығы басқаша. Сондықтан келіп көруді ұйғардым", - дейді кейіпкер.
"Оған қиын болған шығар. Менің ойымша, аналар балаларын қызық үшін тастап кетпейді. Бұл қиын шешім. Ал мен сол шешімнің салдарымын. Бұл мені тұлға ретінде дамытты, мен бұдан да мықты болуым үшін, болашағым үшін мұны басымнан өткеруім керек. Өткеніңді түсіну арқылы ғана болашаққа қадам басуға болады", - дейді кейіпкер.
Луканың айтуынша, бельгиялық ата-анасы оның асыранды бала екенін кішкентай кезінен жасырмаған. Ол бала кезде отбасымен "Литл Стюарт" мультфильмін қарап отырғанда анасы айтқан.
"Мен оның түрін көргім келеді. Отбасым, оның өмірі туралы көбірек білгім келеді. Бірақ көп нәрсе күтіп қалғым келмейді. Оны көргенде сұрақтар да өзімен келетін сияқты, тіпті сұрақтарға жауап алмасам да болады. Жай ғана көрсем, өмір сыйлағаны үшін алғыс айтсам деймін", - Ербол.
"Ақпанда елге барамын деп шешім қабылдадым. Жұмыс та қарбалас болып кетті. Бос кеуде адамға айналғандай болдым. Бірақ неге екенін түсінбедім. Жақсы, жұмысым жүріп жатыр, достарым бар, бірақ бәрібір бірнәрсе жетіспей тұрғандай көрінді. Сөйтіп көп жұмыс істеп күйіп кеттім. "Болды, шаршадым, жұмыс істей алмаймын, шабытым жоқ, көңілім құлазыды" деп жүрдім. Біріншіден, жұмыстан қажып кеттім, екіншіден, бос кеуде болып жүруден шаршадым. Оның басы "бос кеуде" болып жүруден шыққан екен. Неге солай жүрмін? Бір нәрсе жетіспей жүргені, жауап жоғы сезілді. Бір күні үй жинап жүріп, "а, міне, жауабы - Қазақстанға қазір баруым керек" деген ой кенет келді", - деп түйіндеді ол.
Ерболдың бельгиялық ата-анасымен қарым-қатынасы өте жақсы. Ол ата-анасының балаларды асырап алуға өте жауапкершілікпен қарағаны, қарындасы екеуіне махаббат пен жылу бергені, білім алуға, өмірді көруге мүмкіндік бергені үшін алғысын айтты.
Кейіпкер аспаз ретінде туған елінде мейрамхана ашқысы келетінін, кулинария бизнесін дамытқысы келетінін, туған тілін білгісі келетінін алға тартты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!