Анасы болуы мүмкін үш әйелдің бірі ДНҚ тапсырды: бельгиялықтар асырап алған қазақтың баласына қатысты тың дерек шықты

Анасы болуы мүмкін үш әйелдің бірі ДНҚ тапсырды: бельгиялықтар асырап алған қазақтың баласына қатысты тың дерек шықты
Фото: әлеуметтік желі

Әлеуметтік желіде бельгиялық отбасы асырап алған 21 жастағы Эдди Жан Қазақстандағы туған ата-анасын іздейтіні туралы ақпарат тараған еді. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім де берілген екен. Алайда қазір Эдди Жан өзін Мұрат деп атап жүр. Мұрат біраз уақыт өзі туған жерді аралап, анасын іздеді. Енді ол анасын көрмейінше қайтпайтынын айтады. Танымал тележүргізуші, журналист Қымбат Досжан әлеуметтік желіде Мұраттың оқиғасына қатысты жаңа деректерді айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, Мұраттың анасын іздеу күн өткен сайын қиындап бара жатыр. Өйткені құжат күйінде де көп нәрсе белгісіз болып отыр екен. Журналист "Бармысың, бауырым?" редакциясы бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатқанын жеткізді.

"Жекеге түскен хат-қоңырауда сан жоқ. Соңғы 2 күнде үндемей отырғанымызға алаңдаған жандар да көп, арасында бізді жамандағандар да жоқ емес. Біз, "Бармысың, бауырым?" хабарының редакциясы өз жұмысымызды білеміз. Бірнеше мемлекеттік мекемеге хат жазып, ресми мәліметтер алдық. Ақпарат тапқан сайын оны жақсылап зерттемей, жалаулатып жариялай салуға тағы болмайды. Білсіздер ме, бұл жұмбақты шешкен сайын түйіншегі керісінше тастай түйіліп бара жатыр... Перзентханаға жедел жәрдем арқылы келген, қабылданған, босанған, төрт күн төсегінде түнеген келіншектің жеке құжат көшірмесі әлі табылған жоқ. Бар құжаттың қалай толырылғанын міне, әдейі көрсетіп отырмыз. Нәресте өмірге келгендегі мәліметті, яғни 2002 жылдың қаңтарында дәрігер Совет одағынан қалған "Путевой лист грузового автомобиля, Талон заказчика" деген 1983 жылы әзірленген бланкіге түсініксіз жазумен жаза салған... Қай жағынан келсек те, ресми құжаттарда жазылған келіншектің аты-жөні өтірік сияқты..." - деп жазды журналист.

Қымбат Досжан кеше баланың анасы болуы мүмкін деген күдік бар үш әйелдің бірі ДНҚ сынамасын тапсырғанын да айтты. 

"Үш апталық зерттеу жұмысынан шыққан нәтиже: қазір үш келіншекке күдік басым. Кеше "Бармысың, бауырым?" хабарының редакторы Әсел Асқарқызы сол үш келіншектің бірін ДНҚ тест жасайтын лабораторияға ертіп барды. Енді нәтижесін күтіп отырмыз. Лабораторияға Жәнібек (Мұрат) те барды. Испанияға қайтқан жоқ, әзірге Қазақстанда. Бірақ бірден айтайық, көптің тілеуі, біздің басты мақсат - сонау жерден мейірімге шөлдеп келген баланың анасын тауып беру. Кей әйелдің әлемін білесіздер, қиындыққа толы. Баласынан бас тартқанда, басқа жол көрмей, жақыннан қолдау таппай, сондай шешімге баруға мәжбүр болған. Сондықтан туған анасына қатысты ауыр сөз жазбаңыздар. Иә, қателескен шығар, бірақ ол да адам. Оның да құқығы бар.
Сондықтан егер ДНК тест нәтижесі бойынша кешегі келіншек баланың туған анасы болып шықса, біз ол келіншектің фотосын әлеуметтік желіден де, эфирден де көрсетпейміз, аты-жөнін де атамаймыз, құпия түрде қалады. Баласымен ғана табысады, танысады. Біз о бастан құпия болады деп уәде бердік, сол сөзімізде тұрамыз. Егер бұл келіншек баланың туған анасы болмай шықса, зерттеу жұмысы жалғасады", - деді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kymbat Doszhan (@kymbatdoszhan)

Қалың қазақ елі баланың анасы табылып кетуіне тілек білдірді.

"Табысуына тілектеспіз", "Анасы болып шықса екен", "Бір Аллаға аманат! Баласымен анасы Алла тілеуімізді беріп кездесіп табылса болды", "Ең бастысы анасымен қауышты деген сүйінші жаңалықты жеткізсеңіздер болғаны, өмірде неше түрлі тағдыр бар", "Алла көмек бере көр! Анасын табуын нәсіп етші", - дейді олар.

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

"Анамды табу үшін бәрін жасаймын" - шетелдіктер асырап алған қазақтың баласы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова