"Анасы болуы мүмкін әйелдің бірі Өзбекстаннан табылды". Бельгиялықтар асырап алған қазақтың баласына қатысты тың дерек шықты

Жуырда әлеуметтік желіде бельгиялық отбасы асырап алған 21 жастағы Эдди Жан Қазақстандағы туған ата-анасын іздейтіні туралы ақпарат тараған еді. Бұқаралық ақпарат құралдарында қазақтың баласының тағдырына қатысты түрлі ақпараттар шығып жатыр. "Көреміз" бағдарламасы осы бағытта зерттеу де жүргізген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай желідегі парақшасында жазды.

"Кіндік қаны тамғаны болмаса, Жәнібек Бельгияда ержетті… Алайда 21 жасында атамекеніне оралған жігіттің жүрегі "қазақ" деп соғады. Бұған бүгінгі бағдарламамда көзім жетті. Оның айтылмаған сыры мен іштегі уайымы көп…. Алайда бүгінгі "Көреміздің" шығарылымында күйзелісті басынан өткеріп, жер жаһаннан ең жақын адамын іздеп жүрген жігіттің жанын жараламау үшін тырысып бақтық. Оны дүниеге әкелген биологиялық анасының ізімен жүріп өттік, алғаш рет Жәнібекті туған жері Арқалыққа апардық. Мұның өзі қазақ баласының сөнген үмітін қайта жағып, өмірге деген құлшынысын арттырады деген ойдамын…", - деп жазды ол.

Жураналистің сөзінше, баланың анасы болуы мүмкін әйелдің бірі Өзбекстаннан табылған.

"Көреміз" редакциясы жүргізген зерттеу барысында болжамды ананың бірі Өзбекстан Республикасы, Нүкіс қаласынан табылды. Біз бірден келіншекті Алматыға алдырттық. Бүгін белгілі болған ДНҚ сараптамасының қорытындысы бойынша өзбек азаматшасы мен Жәнібектің арасында ешқандай туыстық қарым-қатынас анықталмады", - дейді Руслан Өтепбай.

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

"Анамды табу үшін бәрін жасаймын" - шетелдіктер асырап алған қазақтың баласы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!