- Негізгі бет
- LifeStyle
- Шетелде жұмыс істеу
“Анамызға той жасап, үлкен үй тұрғыздық“. Шетелде 6 ай жұмыс істеген жандармен сұхбат

Кейінгі бірнеше жылда шетелде 6 ай жұмыс істеу арқылы барлық қарызымнан құтылып, үйлі болдым дейтіндерді жиі кездестіреміз. Бұл рас па? Шетелде жұмыс істеу қаншалық қиын? Massaget.kz тілшісі шетелде біршама уақыт жұмыс істеп келгендермен сұхбаттасты.
Рахат Байсейітов - 2023 жылғы қазанда Словакияға жұмыс істеуге кеткен. Ол мұндай мүмкіндік туралы жеңгесінен білген, бірақ Рахат шетелге жұмыс істеуге жіберетін компанияда тым көп уәде берілетінін, адамдарда қате пікір қалыптастырылатынын айтады.
"Елде кезде Алматыда құрылысшы болып жұмыс істеп жүрдім. Сөйтіп жеңгем Словакияда жұмыс істеп, айына миллион теңгеден жоғары табыс табуға болатынын айтып, қызығушылығымды оятты. Елде жұмысқа жіберетін компаниялармен сөйлесіп, визаға тапсырып, шамамен 7-8 ай күттім. Сөйтіп 2023 жылғы қазанда Словакияға жолға шықтым, көлік шығаратын зауытқа жұмысқа кірдім. Әңгімелесу барысында мұнда айлық миллион теңгеден жоғары екені айтылған болатын, алайда шын мәнінде 500-600 мың теңге ғана болып шықты. Словакияда барлығы 6 ай жұмыс істедім. Тұратын жерім мен азық-түлікке жұмсалатын қаржыны өз қалтамнан шығардым", - дейді ол.
View this post on Instagram
Кейінірек Рахат айналасындағылармен танысып, сөйлесу барысында Германияға жұмысқа баруға болатынын, онда жалақы деңгейі әлдеқайда жоғары екенін біледі. Сөйтіп 6 айдан кейін, 2024 жылғы маусымда Германияның Франкфурт қаласына кетеді.
"Жату үшін емес, ақша табу үшін бардым"
Сондай-ақ Рахат Германияда өмір сүруіне қиындық туғызған тұстарын бөлісті.
"Тіл мәселесі қиын болды, бірақ Германияда жұмыс істейтін поляк көп, ал мен жарты жылдай Словакияда тұрдым, тілімен таныстым. Ал словактар мен поляктардың тілі ұқсас болғандықтан, қиындықтан оңай өттім десем де болады", - деді ол.
Рахат Германияда құрылысшы болып жұмыс істеген. Оның сөзінше, Еуропа елдерінде зауыт өте көп, бірақ зауытта жұмыс істесең, көп табыс таба алмайсың. Елге қомақты қаржымен оралу үшін құрылыста жұмыс істеген дұрыс.
"Компания тұратын пәтерімнің ақысын төледі, азық-түлік өзімнен болды. Германияда тамаққа айына 500 еуродай кетеді. Оған қоса, ол жақта жалғыз тұрғандықтан, тамақ істеуден де қалады екенсің, жарты жылдан астам уақыт бойы дүкеннен дайын тамақ сатып алып жүрдім. Германияда сағатына 10 мың теңгеден төленді, жұмыс уақыты күніне шамамен 10 сағат. Негізі бес күндік жұмыс уақыты, дүйсенбіден жұмаға дейін, бірақ Германияға жату үшін емес, ақша табу үшін барғандықтан, сенбі де 5-8 сағат аралығында жұмыс істейтінмін. Ал жексенбі демалыс", - деді ол.
Рахат шетелде жұмыс істеу арқылы Қазақстанда жүргенде алған несиесін жапқан, Алматыдан сатып алған жер телімінің қалған бөлігін төлеген және ата-апасының үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген.
"Қалған ақша өзімде қалды. Қазір ауылыма демалысқа келдім, бір-екі апта демалып, қайта Германияға жұмыс істеуге кетемін", - деді Рахат.
View this post on Instagram
"Шетелде жұмыс істеп келген құрбым үй алды"
Шетелге жұмыс істеуге кетіп, табысқа шыққан жанның бірі - Умида Базарбаева. Ол 2022 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондонға күйеуімен бірге жұмыс істеуге кеткен. Умида шетелде табыс табу мүмкіндігі туралы құрбысынан естіген, айтуынша, жұмыс істеуге күйеуімен барған құрбысы бағыт-бағдар беріп отырған.
"Шетелге жұмысқа кетуді біз достарымыздан естідік. Мен құрбыларым осылай Ұлыбританияға жұмыс істеуге барып, елге оралғанда барлық қарызынан құтылып, тіпті үй сатып алды. Біз олардың тәжірибесіне қарап, қызыға бастадық. Сөйтіп күйеуіммен дұрыстап ақылдасып, елдегі тұрақты жұмысымыздан шығып, сол жаққа кетуге шешім қабылдадық", - деді ол.
View this post on Instagram
Умида өзі орналасқан жұмыс орнында қандай лауазымда болғанын, ол жақтан қанша жалақы алғанын да айтып берді.
"Мен қонақүйде қызметші боп жұмыс істедім, 5 күн негізгі жұмысымды істеймін, қалған 2 күн жекеменшік клинингтік компанияда істедім. 6 айдан кейін ол компания мені толық жұмыс істеуге шақырды, алғашында қарапайым тазалаушы, уақыт өте қызметкерлер құрамының жұмысын қадағалаушы тұлға болдым. Ол жақта нақты бекітілген жалақы сомасы жоқ, сағатына 12 фунт төлейді. Кей күндері 3-4 сағат қана жұмыс істесе, кейде 10-12 сағатқа созылады. Айына шамамен 1-1,5 миллион теңге шамасында жалақы алып отырдым", - деді ол.
"Көп адам қате ойлайды"
Ол шетелде жұмыс істеуге қатысты көп адамда қате пікір қалыптасқанын тілге тиек етті.
"Негізі көп адам шетелде жұмыс істеп, 1,5 миллион теңге табыс тапсам, сол ақшаның бәрін елге алып келемін, жинаймын деп қателеседі, бірақ онда тұрғын үйге, азық-түлікке жұмсалатын ақшаны есепке алмайды. Тұрғын үй қымбат, азық-түлік бағасы біздегідей.
Оған қоса, Ұлыбританияға бару үшін аз шығын кеткен жоқ. Күйеуіміз екеумізге виза алуға, жолға және тағы басқа қажетті дүниеге 2-2,5 миллион теңгедей кетті. Біз ол елде тұратын пәтерді де алдын ала тауып қойған едік", - деді ол.
View this post on Instagram
Умида Ұлыбританияға барғаннан кейін пайдаға шығу үшін белгілі бір уақыт қажет болғаны, сондықтан алғашында демалыссыз жұмыс істегенін айтады. Олар екі ересек адам болғандықтан, 3 ай шамасында барлық шығынды өтеп, Қазақстанда алған қарыздардан құтылып, ақша жинауды бастаған.
"Қазақстанға 1,5 жылдан кейін оралдық, іргетасынан бастап үй тұрғыздық, анамызға той жасадық. Біздің ең басты мақсатымыз - жеке үйімізді соғу болды. Сондықтан артық шығын шығармауға тырысып, тек ең маңызды қажеттілікті өтеп жүрдік. Яғни ақшаны тек пәтер төлеуге, жол ақысы мен азық-түлікке жұмсадық. Атап айтарлықтай сома жиналған сәттен бастап қана киім, ұялы смартфон секілді керек дүниемізді ала бастадық. Оған қоса, ай сайын отбасымызға ақша жіберіп отырдық", - дейді Умида.
Ол шетелге жұмыс істеуге баратын кезде нақты мақсат қою керегін айтады, өйткені онда жұмыстың қиындығына шыдамай еліне қайтып кеткендер де болған көрінеді.
"Көп адам мұнда жұмыс істеп, Отанға қомақты қаржымен қайту оңай деп ойлайды. Бірақ бұл қате түсінік. Себебі бұл физикалық күшті қажет ететін жұмыс түрі болғандықтан, қанша ақша төлейді, сұрайтын жұмыс күші де соған сай болды. Онда Қазақстаннан несие алып барып, бірақ жұмыстың қиындығына шыдамай, кетіп қалғандарды да көрдік. Сондықтан шетелге жұмыс істеуге бармас бұрын физикалық және психологиялық тұрғыда өзіңізді дайындап, нақты мақсат қою қажет", - деді Умида Базарбаева.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә