Дәрігер-диетолог Каролина Калиджури алмұртты жиі жеуге кеңес берді. Ол La Nacion басылымына берген сұхбатында бұл жемістің ағзаға қандай пайдасы бар екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, алмұрттың құрамында ас қорытуға пайдалы жасұнық көп. Ол ішектің жұмысын жақсартып, іш қатудың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, қарынды ұзақ уақыт тоқ ұстайды.
Алмұрттың тағы бір артықшылығы – гликемиялық индексінің төмен болуы. Яғни оны жегеннен кейін қандағы қант мөлшері күрт көтерілмейді. Соның арқасында қандағы қант деңгейінің тез төмендеуінен болатын әлсіздік пен шаршау қаупі де азаяды.
Диетолог алмұрттың С дәрумені мен антиоксиданттарға да бай екенін атап өтті. Бұл заттар ағза жасушаларын зақымдайтын бос радикалдардың әсерін азайтуға көмектеседі.
Бұдан бөлек, алмұрттың құрамында калий бар. Бұл минерал ағзадағы су тепе-теңдігін сақтауға және қан қысымын реттеуге маңызды рөл атқарады.
Дегенмен маман денсаулықты сақтау үшін бір ғана пайдалы тағамға сеніп қалуға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, ең бастысы – күнделікті ас мәзірінің құнарлы әрі теңгерімді болуы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!