- Негізгі бет
- LifeStyle
- Алматыдағы жер сілкінісі....
Алматыдағы жер сілкінісі. Психолог баламен жер сілкінісі жайлы қалай сөйлесу керегін айтты
Алматыда болған жер сілкінісі ересектерді де, балаларды да қатты қорқытты. Жер сілкінісін сезген алматылықтар балаларын құшақтап, далаға шықты. Тіпті, кейбір адамдар аяқ киімін киіп үлгермей, жалаңаяқ жүгіріп шықты. Ересектердің үрейін көрген балалар да қорқып қалды. Балаға жер сілкінісі жайлы қалай айту керек және ересек баланың жанында өзін қалай ұстаған дұрыс? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне балалар психологы Сағынған Баршагүл жауап берді.
Маман мұндай жағдайда ересектердің барынша сабыр сақтағаны дұрыс екенін түсіндірді.
"Мұндай кезде қорқу қалыпты жағдай. Бүкіл адамның бойында қорқыныш эмоциясы бар. Керісінше, қорқу сезімінің болмауы алаңдататын нәрсе. Ересектің де, баланың да қорқуы қалыпты жағдай. Десе де, ересек сабыр сақтай білуі керек, балаға қауіпсіздік ережелерін алдын ала үйреткен жөн. Енді бұл жағдайды ешкім күткен жоқ, бұл тұтқиылдан болған жайт. Қауіпсіздік ережесін үйретпеген де боуыңыз мүмкін. Сондықтан өзіңіз білмесеңіз, балаңыз абдырап, "не істейміз" десе, "не істейміз" деп оған айқайлап жауап бергеннің орнына сабырлық сақтап, "мен ойланып алайын, қазір ақпарат қарап көрейін" деңіз. Өзіңіз ақпарат алған соң, жақындарыңызды сонымен таныстырыңыз. Мұндай жағдайда қалай сабырлық сақтауға болады? Тыныс алу жаттығулары арқылы тынышталуға болады. Мұрныңызбен терең тыныс алып, аузыңызбен дем шығару арқылы кем дегенде 3 рет жасасаңыз, кішкене өз-өзіңізге келіп, өзіңізді қолға аласыз. Содан кейін барып жақындарыңызбен ақылдасып, қауіпсіз жер іздеңіз. Ата-ананың бойындағы қобалжу, үрей балаға беріледі. Сіз қобалжып тұрсаңыз, баланың үрейін басу мүкін болмайды. Сондықтан ересек адамдар өзінің қалыпты күйіне түсуге барынша тырысу керек", - дейді психолог.
Балалар психологы Сағынған Баршагүл жер сілкінісінен соң келесі күні және басқа да күндері бұл жағдай жайлы баланың көзінше айта беруге және сол жайлы жаңалықтарды көре беруге болмайтынын ескертті.
"Жер сілкінісінен кейін баланың қорқып қалуы қалыпты жағдай. Сондықтан баланың қасында жиі болуға тырысыңыз. Баланы ұйықтарда құшақтаңыз. Ол жағдай жайлы толық мағлұмат беріңіз. Жер сілкінісі деген табиғаттың бір тылсым құбылысы екенін және бұл жағдайда адамдар не істеу керегін айтып беріңіз, содан соң бұл тақырып жайлы айта бермей, өзіңіз қалыпты жағдайға оралуға тырысыңыз. Жұмысқа барыңыз, үйдің шаруаларын жасаңыз. Жер сілкінісі жайлы көп ақпарат оқып немесе көре бермеңіз, одан сайын үрейленбеңіз. Мысалы, "адамдар жер сілкінісі кезінде 3-қабаттан секіріпті" деп баланың көзінше айтпауға тырысыңыздар және оның көзінше теледидардан тек сондай жаңалықтарды қарай бермеңіздер. Бала сіздерді қорғаушысы, құтқарушысы ретінде қабылдайды, сондықтан сіздердің өз-өздеріңізді ұстай алуларыңыз өте маңызды", - деп кеңес берді маман.
Маман мұндай қорқынышты жағдайдан ата-аналарға баланы сырттай бақылауға кеңес берді.
"Ал енді мұндай жағдайдан соң балаңызды бақылаңыз. Әр ата-ана баласын өте жақсы біледі. Балаңызда басқа қылықтар, әрекеттер пайда болмады ма? Кейде бала қатты қорқып қалса, ол психологиялық-неврологиялық ауруларға әкелуі мүмкін. Мысалы, бала тұтығып сөйлеуі, кіші дәретін жіберіп қоюы, ұйықтай алмауы мүмкін. Егер жағымсыз белгілерді байқасаңыз, психолог маманымен жұмыс істеген дұрыс", - деп қорытындылады Сағынған Баршагүл.
Айта кетейік, ҚР ТЖМ "ННЦСН и И" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі мәліметінше, кеше Алматы уақытымен сағат 11.22-де (2024 жылғы 04 Наурызда Гринвич бойынша 06 сағат 22 мин 06 сек) жер сілкінісі тіркелген.
Оқи отырыңыз: "Бас айналу, бас ауыру". Дәрігер жер сілкінісінің адам ағзасына әсері жайлы айтты
А. Жапатова