Алматыдағы Smart Beauty Clinic жекеменшік клиникасы блогер Сәуле Базарханның өлімінен кейін ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Клиника Сәуле Базарханның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
"Қазір болған жағдай бойынша заңнамада қарастырылған рәсімдер жүргізіліп жатыр. Дәрігер құпиясын сақтауға, науқастың отбасына деген құрметке, сондай-ақ, жүргізіліп жатқан шараларға байланысты клиника ресми рәсім аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайына қатысты көпшілік алдында түсініктеме беруді жөн санамайды", - деп жазылған мәлімдемеде.
Сонымен қатар, Smart Beauty Clinic қазір науқастарды қабылдау уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал блогер Сәуле Базархан кенет көз жұмғаны, қайғылы оқиғаның себебі қызу талқыланып жатқаны хабарланды. Желіде блогердің өліміне қатысты түрлі болжам да айтыла бастады. Кейбір желі қолданушылары "қайғылы жағдай пластикалық отамен байланысты болуы мүмкін" деген де пікір айтқан. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмады.
Кейінірек марқұмның келіні ол 15 мамырда Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде анестезиямен жасалған жоспарлы липосакциядан кейін көз жұмғанын айтты. Алматы Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Сәуле Базархан - танымал блогер әрі кәсіпкер. Әлеуметтік желіде миллионнан аса оқырманы бар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз