Алматыда Республика күніне орай ауқымды іс-шаралар өтеді. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
25 қазанда Қазақстанда елдің егемендігін айшықтайтын ұлттық мереке - Республика күні атап өтіледі. Әкімдік мәліметінше, осыған орай Алматыда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени-бұқаралық, спорттық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мерекелік бағдарлама аясында концерт, музей және кітап көрмесі, дөңгелек үстел, спорттық жарыс, зияткерлік ойын, байқау, танымал тұлғалармен кездесу, флешмоб пен жастар акциясы өтеді.
23 қазанда Республика сарайында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Сол күні сағат 18:30-да "Алатау" дәстүрлі өнер театрында "Егемен ел - еңселі ел" концерті ұйымдастырылады.
25 қазанда "Медеу" спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтеді.
Сол күні сағат 17:00-ден 21:30-ға дейін Абай алаңында ашық аспан астында мерекелік концерт өтеді. Оған танымал өнерпаздар қатысады.
Бұдан бөлек, 20-25 қазан аралығында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында Республика күніне орай IV халықаралық Almaty Puppet Festival - 2026 қуыршақ театрлары фестивалі өтіп жатыр.
Әкімдік мәліметінше, мерекелік іс-шаралар Қазақстаннан тыс жерлерде де өтеді. 21-29 қазан аралығында "Алматы әуендері" КМҚК-ның "Сазген сазы" фольклорлық-этнографиялық ансамблі қала билігінің қолдауымен Италияның Рим және Флоренция қалаларында концерт береді. Іс-шаралар Республика күніне орай ұйымдастырылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз