Алматыда тұрақты эпидемиологиялық жағдай сақталып отыр. Бұл туралы мамандар мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалада қауіпті аурулар тіркелмеген, ал вакцинация деңгейі 95%-ға жетті. Бұл жөнінде Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы ӨКҚ баспасөз конференциясында айтты.
Оның сөзінше, алдын алу шаралары тұмау, ЖРВИ, қызамық, менингококк инфекциясы және С гепатиті сияқты аурулардың 21 санаты бойынша сырқат деңгейін төмендетуге мүмкіндік берген.
"Инфекция таралмауы үшін айтарлықтай жұмыс атқардық. Уақытылы вакциналаудың және алдын алу шараларының арқасында эпидемия қаупін азайтуға қол жеткіздік", - деді Алматының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.
Дәрігер суық тию маусымына дайындық аясында 232 830 адам егілгенін айтты, бұл - қала халқының 10,1%-ы. Тұмауға қарсы 200 мың адам вакцинациядан өткен. Сонымен қатар, қыздарды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау науқаны жалғасып жатыр.
Қалалық санитарлық қызметтер 18 696 жұқпалы ауру ошағын зерттеп, 2820 сынама алды. Нәтижесінде тек 135 стандартты емес сынама анықталды (4,8%). Дәрігердің айтуынша, бұл санитарлық шаралардың жоғары сапасын көрсетеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!