Алматыда балаларды ойнатуға қайда апаруға болады?

Алматыда балаларды ойнатуға қайда апаруға болады?
Фото: ru.freepik.com

Балалар –  біздің болашағымыз. Балалар – мейірімділік символы. Оларды бақытты ету үшін ата-ана қолынан келгенінің бәрін істеуге тырысады. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн ата-аналар мен балалар үшін уақытты отбасымен бірге көңілді өткізуге бір себеп. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Massaget.kz тілшісі Алматы қаласында балалармен бірге баруға болатын саябақтар мен ойын-сауық орталықтарына шолу жасады.

Fantasy World Park

instagram.com/fantasy_world_park

Бұл паркте отбасымен бірге қызықты уақыт өткізуге және достарыңызбен көңіл көтеруге болады. Парк тек жылы айларда - наурыздан бастап қазанға дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ парктегі кей аттракциондар ауа райы шарттарына байланысты, мысалы жаңбыр жауғанда жұмысын уақытша тоқтатуы мүмкін. Fantasy World Almaty паркінде 9 экстремальді аттракцион, 16 отбасылық аттракцион және 16 балалар аттракционы бар. Сондай-ақ оның ішінде бірнеше кафе жұмыс істейді. Паркке бір рет ақша төлеп кіріп, оның ішінде аттракциондарға шектеусіз отыра аласыз.

Fantasy World Park-ке кіру бағасы:

  • Ересектерге: жұмыс күндері - 6 000 теңге, демалыс күндері - 7 000 теңге;
  • Балаларға (90 см-ден 130 см-ге дейін) - 3 000 теңге;
  • Бойы 90 см-ге жетпейтін балаларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (1-ші топ), жүктілерге тегін (сәйкес құжат көрсету керек).

 Family Park

instagram.com/family_park_almaty

Family Park саябағы - Алматыдағы танымал отбасылық демалыс орындарының бірі. Саябақ аумағында 30-дан аса аттракцион, кішігірім зообақ, кафелер, боулинг-орталық, балалар мен ересектерге арналған картинг бар. Бұл паркке кіру тегін, алайда әр аттаркционға отыру үшін жеке-жеке ақша төлейсіз: 600 теңгеден бастап 1 800 теңгеге дейін.

Орталық демалыс паркі (Горький парк)

instagram.com/gorkiypark.kz

Парктің орталығында аттракциондар орналасқан. Олардың бағасы әртүрлі: 400 теңгеден басталады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аттракциондарда баланың жасы мен бойына байланысты шектеу бар. Ата-ана 2 жасқа толмаған баланы өзімен бірге алып отыра алады, ал 2 жастан асқан бала үшін бөлек билет алу керек. Сондай-ақ парктің ішінде көл бар. Жалға катамаран немесе қайық беріледі. Саябақтың ішінде велосипед пен скейт тебуге арналған алаң арнайы алаң бар. 

Nasledniki балалар ойын-сауық саябағы

restolife.kz

Nasledniki паркінің Алматыда 3 филиалы бар. Nasledniki паркіне 3000 шаршы метрден аса ойын аумағы, отбасылық мейрамхана, аттракциондар және батут кіреді. Оның әр филиалы әртүрлі стильде жасалған. Олардың ішінде аниматорлармен түрлі шоулар ұйымдастырылып тұрады.

Nasledniki балалар ойын-сауық саябағына кіру бағасы:

  • Жұмыс күндері: балаларға (1 жастан 13 жасқа дейін) - 4 000 теңге, ересектерге - 500 теңге;
  • Демалыс күндері: балаларға (1 жастан 13 жасқа дейін) - 5 000 теңге, ересектерге - 500 теңге;
  • Туған күн иелеріне - 500 теңге (туу туралы куәлікті көрсеткен жағдайда);
  • 1 жасқа дейінгі балаларға - тегін.

Jungle Park ойын-сауық саябағы

instagram.com/jungle_park_kz

Паркте балалар аттракциондарда ойнай алады, сүйікті мультфильм кейіпкерлерімен кездесе алады және қызықты мастер-кластар мен квестерге қатыса алады. Парктің отбасылық кафесі де бар.

Jungle Park балалар ойын-сауық саябағына кіру бағасы:

  • 1 жастан 3 жасқа дейін - 4 500 теңге;
  • 3 жастан 17 жасқа дейін - 6 000 теңге;
  • Ересектерге - 300 теңге;
  • Туған күн иелеріне - 50% жеңілдік;
  • Көп балалылар үшін 20% жеңілдік;
  • Мүгедек балаларға - 50% жеңілдік.

TeikaBoom by Ksenia Borodina ойын-сауық орталығы

instagram.com/teikaboom_kz

TeikaBoom – балалар ойнайтын аумағы және тамақ ішетін жері бар отбасылық орталық. Онда түрлі мастер-кластар ұйымдастырылады. Алайда оған ақша (2 000 теңгеден басталады) бөлек төленеді.

TeikaBoom by Ksenia Borodina ойын-сауық орталығына кіру бағасы:

  • Жұмыс күндері - 5 000 теңге;
  • Демалыс күндері - 7 000 теңге;
  • 1 жасқа дейінгі балаларға, туған күн иелеріне, мүгедек балаларға - тегін.
  • Көп балалыларға жеңілдік бар.

Alem Kids балалар ойын-сауық орталығы

instagram.com/alemkids_kz

Alem Kids ойын-сауық орталығында балалар сырғанайды, лабиринтке кіреді, экологиялық құмда ойнайды және мастер-кластарға қатыса алады. Ақша төлеп, бала күтуші жалдауға да болады.

Alem Kids паркіне кіру бағасы:

  • Жұмыс күндері: шексіз - 5 000 теңге, 1 сағат - 3 500 теңге, 30 минут - 2 000 теңге;
  • Демалыс күндері: шексіз - 5 500 теңге, 1 сағат - 4 000 теңге, 30 минут - 2 500 теңге;
  • Ересектерге тәпішке үшін 200 теңге;
  • Балаларға шұлық - 300 теңге;
  • Көп балалыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларға сәйкес құжатын көрсеткен жағдайда 20% жеңілдік, ал туған күн иелеріне 50% жеңілдік беріледі.

Aspan park

instagram.com/aspanpark_kz

Бұл ойын-сауық паркінің аумағы - 3 000 шаршы метр. Бұл жерде балаларға арналған өрмелеу қабырғасы, сырғанағыш, балалар қалашығы, арқан алаңы, автодром, үрмелі батут, лабиринт, футбол алаңы және ойын автоматтары (300 теңгеден бастап) бар. Тамақ ішіп алуға болатын кафесі де бар.

Aspan park ойын-сауық орталығына кіру бағасы:

  • Жұмыс күндері: 6 жасқа дейінгі балалар - 3 000 теңге, 6 жастан асқандарға - 5 000 теңге;
  • Демалыс күндері: 6 жасқа дейінгі балалар - 4 000 теңге, 6 жастан асқандарға - 6 000 теңге;
  • Балабақша: 1 сағат - 2000 теңге;
  • Ересектерге - 500 теңге;
  • Шұлық - 350 теңге;
  • Тәпішке - 500 теңге;
  • Туған күн иелеріне - 50% жеңілдік;
  • Көп балалылар үшін 30% жеңілдік;
  • Бірінші және екінші топтағы мүгедек балалар мен ересектерге - 30% жеңілдік.

Аватария ойын-сауық орталығы

instagram.com/avatariya.almaty

Аватарияның Алматыда 4 филиалы (әр филиалда кіру бағасы әртүрлі) бар. Парк әртүрлі аумаққа бөлінген: бұл жерде батутта секіруге, сырғанауға және көңілді аниматорлармен ойнауға болады. Сондай-ақ оның ішінде ойын автоматтары бар. Паркте флешмобтар мен шоулар ұйымдастырылып тұрады.

Аватария паркіне кіру бағасы:

  • Жұмыс күндері: 1 жастан 2 жасқа дейінгі балалар - 3 000 теңге; 2 жастан 14 жасқа дейінгі балалар - 4 000 теңге;
  • Демалыс күндері: 1 жастан 2 жасқа дейінгі балалар - 3 700 теңге; 2 жастан 14 жасқа дейінгі балалар - 5 000 теңге;
  • Ересектерге - 500 теңге;
  • Көп балалы отбасынының балаларына - 20% жеңілдік;
  • 1 жасқа дейінгі балаларға, туған күн иелеріне, мүгедек балаларға - тегін.

"Легород" балалар орталығы желісі

instagram.com/bricobilandia.kz

Бұл атақты лего конструкторынан құрастырылған үлкен қалашығы бар ойын бөлмесі. Балалар бұл жерде сирек кездесетін жинақтармен және жаңадан шыққан конструкторлармен таныса алады. Сондай-ақ олар радиомен басқаратын үлгілерді де көре алады. Балалар бұл бөлмеде легодан өздерінің кішкентай қалаған қалашығын құрастыра алады.

"Легород" қалашығына кіру бағасы баланың онда өткізген уақытына және ыңғайлы абонементтерді қолдануға қарай әртүрлі болады.

Evrikum City

instagram.com/evrikum.city

Evrikum City - интерактивті мамандықтар қаласы. Бұл жерде балалар болашақта кім болғысы келетінін біле алады. Олар түрлі мамандық иелерімен танысады.

Evrikum City-ге кіру бағасы:

  • 4 жастағы балаларға тегін;
  • 4 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға: 2 сағат 30 минут - 4 000 теңге, 3 сағат 30 минут - 4 500 теңге;
  • Ересектерге - 1 000 теңге;
  • Мастер-кластар - 1 000 теңгеден.

BabyPolis балалар паркі

instagram.com/babypolis_kz

3000 шаршы метрлік BabyPolis паркінде әткеншектер, батуттар, лабиринт, арқан алаңы, автодром, лего қалашығы, шағын баскетбол алаңы бар. Демалыс күндері анимациялық бағдарламалар ұйымдастырылып тұрады.

BabyPolis паркіне кіру бағасы:

  • 1 жасқа дейінгі балаларға тегін;
  • 14 жасқа дейінгі балаларға: жұмыс күндері - 3 500 теңге, демалыс күндері - 4 500 теңге;
  • Ересектерге - 300 теңге.

DinoPark Almaty

almatycentralpark.kz

DinoPark ойын-сауық паркі емес, бірақ балаларға ұнайтыны анық. Бұл жерде әр бала динозаврлар жайлы пайдалы ақпарат алып шығады.

Динопаркке кіру бағасы:

  • 3 жасқа дейінгі балаларға тегін (туу туралы құжат көрсету керек);
  • 3 жастан асқан балаларға - 1 800 теңге.
А. Жапатова