Алматыда жыл басынан бері магнит жұтып қойған 15 бала ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, бір ғана кезекшілік кезінде үш балаға шұғыл ота жасауға тура келген.
"Алғашқы науқас - 2 жасар бала. Ол ауруханаға іші ауырсынуына байланысты жеткізілген. Тексеріс барысында дәрігерлер оның ағзасынан бөгде заттарды анықтады. Шұғыл жасалған ота кезінде хирургтер баланың ағзасынан 25 магнит алды", - деп жазылған хабарламада.
Сурет: Алматы әкімдігі
Арада бірнеше сағат өткенде қабылдау бөліміне 2,5 жасар тағы бір бала жеткізілген. Ол құсу мен іші ауырсынуына шағымданған. Тексерістен кейін дәрігерлер оған да шұғыл ота жасап, ағзасынан 9 магнит алған. Отадан кейін бала 10 күн стационарда ем қабылдаған.
"Үшінші бала кезекшілік аяқталар кезде түсті. Жасы 4-ке де толмаған. Іші қатты ауырып, әлсіздік пен құсу белгілері байқалды. Тексеріс барысында асқазан-ішек жолынан көптеген бөгде зат анықталды. Баланың аш ішегінен 59 магнит алып шыққан кезде мұндай жағдай дәрігерлердің өзін таңғалдырды. Қауіпті заттар аш ішек қабырғасын тесіп үлгерген. Бұл 1 тамыздағы кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі оталардың бірі болды", - деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова