Биыл Алматы хайуанаттар бағында маралдың екі төлі дүниеге келді. Қызметкерлер бұл қуанышты жаңалықты енді ғана көпшілікпен бөлісіп, желіде өсіп қалған төлдердің суреттерін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алғашқы төл 2026 жылғы 7 маусымда дүниеге келген. Оған Маралтай деген ат қойылған. Әкесі – Түркістан, анасы – Алатау. Екінші төл 2026 жылғы 10 қыркүйекте туған. Оған Мұқан деген ат берілген. Әкесі – Сарайшық, анасы – Чита.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қос төл де мамандардың тұрақты бақылауында. Оларға қажет күтім жасалып жатыр.
"Басты міндетіміз – төлдердің дені сау болып өсіп, дұрыс жетілуіне қажет жағдай жасау. Олардың жай-күйі күн сайын бақылауда. Қажет болған жағдайда ветеринарлық тексеру жүргізіледі. Қазір төлдер енесінің жанында өсіп, айналасына біртіндеп бейімделіп келеді. Осылайша табиғи ортаға тән мінез-құлық дағдыларын қалыптастырып жатыр", – деді Алматы хайуанаттар бағы тұяқты жануарлар бөлімінің жетекшісі Нұртай Сәрсенбаев.
Сондай-ақ, қалалық әкімдік жануарлардың суреттерін жариялады.
Әкімдік мәліметінше, қазір қос төлдің де жағдайы жақсы. Хайуанаттар бағының мамандары олардың денсаулығын, дамуы мен қоректенуін күн сайын қадағалап, тиісті күтім жасап отыр.
Еске сала кетейік, сәуірде хайуанаттар бағында Қызыл кітапқа енген Тянь-Шань қоңыр аюларының қонжықтары дүниеге келгені белгілі болды. Олар қаңтарда туып, алғашқы айларда ана сүтімен қоректеніп, апанда болған. Құрманбек пен Герда жұбынан екі қонжық өрбіді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!