Алматы тауларындағы ең қауіпті жерлер белгілі болды

Алматыда жазда құтқару бригадалары кейде тәулігіне 3-4 рет шақырту алып, жолға шығады. Бұл туралы ТЖМ "Республикалық құтқару қызметі "Барыс" РММ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Павел Воскобойников ӨКҚ-да өткен брифингте айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол шыңға шығудың барлығы дерлік қауіпті екенін жеткізді. Туристердің үстіне тас түсіп, ауа райы аяқасты құбылып, тәжірибе мен арнаулы жабдықты қажет ететін қиын жерлерге де тап болуы мүмкін.

Қай шатқалдар қауіпті?

Құтқарушы Медвежье және Күмбелсу шатқалдарына ерекше назар аударды.

"Медвежье шатқалында үш сарқырама бар. Мұндай учаскеден өту үшін арнаулы жабдық қажет болып қалуы мүмкін. Дайындығы жоқ туристер ол жаққа өз бетінше бармағаны жөн. Күмбелсу шатқалы - өтуге келмейтін қиын жер", - деп ескертті Павел Воскобойников.

Оның айтуынша, кейбірі тіпті қажет жабдықты дұрыс таңдамай жолға шығады.

"Жолға шықпас бұрын маршрутты мұқият зерттеп, туыстарыңызға немесе достарыңызға нақты қай бағытпен жүретініңізді хабарлауыңыз керек. "Тауға кеттім" деген сөз болмайды. Құтқарушылар кем дегенде шатқалдың атауы мен баратын жеріңізді біліп отыруы қажет", - дейді Павел Воскобойников.

Тауға шығатындарға кеңес

Геолокация нақты болған жағдайда іздестіру-құтқару операциясының ұзақтығы шамамен екі есеге қысқаруы мүмкін. Координаттар белгісіз болса, құтқарушыларға үлкен аумақты тексеруге тура келеді, кейбір жағдайда үйретілген иттері бар кинологиялық топтарды шақыруға тура келеді.

Павел Воскобойниковтың айтуынша, тауға шығатындар екі телефон немесе қосымша қуат көзін алып жүруі керек, сондай-ақ, маршрутты электрон түрде ғана емес, қағаз нұсқасында да сақтаған жөн. Картаның бір данасын туыстарыңызға қалдырған дұрыс. Қайтатын уақытты да дұрыс есептеу керек.

"Түске дейін жоспарлаған жеріңізге жетпесеңіз, кері қайтыңыз. Әйтпесе қараңғы түскен кезде жолдан адасып кетуіңіз мүмкін", - деді құтқарушы.

Қандай киім киген жөн?

Жабдыққа да ерекше көңіл бөлу қажет. Тауға шығарда тобықты жауып, оны түгел қымтап тұратын аяқ киім таңдаған дұрыс.

Күн ыстық болған жағдайда да ұзын шалбар, денені толық жабатын киім, күрте мен бас киім алып жүрген жөн.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!