Танымал әнші Алмас Кішкенбаев бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ол 15 күн қамауда отырды. Алматы Полиция департаменті жанындағы уақытша ұстау изоляторынан шыққан әншіні қара көлік күтіп тұрған. Сағат 18:00-де Алмас Кішкенбаев изолятордан шыққан. Алайда ол тілшімен сөйлесуден бас тартып, тез көлікке отырып кетіп қалған.
Әншіге қатысты іс Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскен болатын. Сот шешімі бойынша Алмас Кішкенбаев 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
"Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты К-ге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі жабық форматта қарады. Сот К-ның мас күйде мұндай әрекеттерді жасағанын анықтады. Сотта К. болған оқиғаның мән-жайы есінде жоқ екенін мәлімдеді. К. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, оған 15 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде жаза қолданылды", - деп жазылған сот хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін әнші Алмас Кішкенбаев оқушыға тиісті деген ақпарат тарады. Kozachkov offside Telegram-арнасында полицияға курьер болып жұмыс істейтін баласына Кішкенбаев есімді адам тиіскенін айтқан ер адамнан арыз түскені жазылды.
"2007 жылғы жігіт кешкі сағат 21.00-ге таман көрсетілген мекенжай бойынша үш сыра әкеліп тастауға тапсырыс алған. Ол дүкеннен сыраларды алып, оны тапсырыс берушіге апарып берген. Содан соң түсініксіз нәрсе болған. 17 жастағы жігіттің айтуынша, сыраны 40 жастағы ер адам алдыртқан. Ол алкогольді алған соң, курьерге бірге ішуді ұсынған. Содан соң ер адам 11-сынып оқушысының интимді жерін ұстағысы келген. Курьер бірден үйіне барып, әкесіне айтқан. Ал әкесі құқық қорғау органдарына барған. Полиция қызметкерлері арызда баяндалған дәлелдерді тексеру үшін сыраға тапсырыс берушінің пәтеріне барып, оны бөлімшеге жеткізді. Ер адамның аты - Алмас Кішкенбаев", - деп жазылған жазбада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!