Аллергия асқынып барады: мамандар маңызды ескерту жасады

Аллергия асқынып барады: мамандар маңызды ескерту жасады
Фото: ЖИ

Алматыда аллергия жылдағыдан ерте басталды. Бұл туралы Республикалық аллергологиялық орталық жетекшісі, аллерголог дәрігер Арай Батырбаева ӨКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Былтыр 14 жасқа дейінгі балалар арасында шамамен 4,7 мың аллергиялық ринит пен 3 мыңнан аса бронх демікпесі тіркелген. Жасөспірімдер арасында көрсеткіш төмен болса, ересектерде керісінше демікпе жиі кездеседі. Мамандар аллергияны бақылаусыз жіберсе, уақыт өте келе асқынып кететінін айтады.

"Қазір аллергия күшейіп бара жатыр, әсіресе, балалар арасында. Ересектерден көбіне бронх демікпесі анықталады, бұл ауру уақыт өте келе асқынатынын білдіреді. Оның бір себебі - Алматыда тозаң шектен тыс көп болуы, сондай-ақ, азаматтар ауруды кеш байқап, өз-өзін емдеп, уақыт өткізіп алуы. Сондықтан аллергия - ерте жастан бастап назар аударуды қажет ететін созылмалы ауру", - деді маман.

Алматыда көктемде ағаш тозаңы (қайың, қандыағаш, терек), жаздың басында астық тұқымдас шөптер, жаздың соңы мен күзде арамшөп, әсіресе, жусан мен амброзия қауіпті. Ең күрделі кезең - сәуір-мамыр, маусым-шілде, тамыз-қыркүйек аралығы, бұл кезде ауру асқынады.

"Кейінгі жылдары тозаңдану маусымы ерте басталады. Бұл климат өзгеруіне байланысты. Ең ауыр кезең - жаздың соңы мен күздің басы", - деп түсіндірді дәрігер.

Мамандар азаматтарды желді күндері, әсіресе, таңертең сыртта көп жүрмеуге шақырды. Үйге келген соң жуынып, киім ауыстырып, мұрынды шаю керек. Үй ішінде терезені жауып, бөлмені ылғалдандырып, ауатазартқыштарды қолданған абзал.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget