- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Алла маңдайыма қазақтың...
"Алла маңдайыма қазақтың жігітін бұйыртқан екен". Орысшаға тілі келмейтінін айтқан Вера қалай танымал болды?
Әлеуметтік желіде орыс қызының "орыс тіліне тілім келмейді" деген видеосы тарап жатыр. Massaget.kz тілшісі видеодағы орыс ұлтының өкілімен сұхбаттасып, қазақ тілін қалай үйренгенін сұрады.
"Орыстың қызы, қазақтың келінімін"
"Орыс келін" лақапатымен танымал болған блогердің есімі Вера Нестерова екен. Ол - Қызылорда облысының тумасы, жасы 27-де. Әлеуметтік желіде де, өмірде де өзін таныстырғанда, "орыстың қызы, қазақтың келіні" тіркесін жиі қолданады.
"Орыстың қызы, қазақтың қарапайым келіні Верамын. Жасым 27-де. Қызылорданың тумасымын, осы жерде өсіп-өндім", - дейді ол өзі туралы.
Көпшілік оның қазақ тілін білетініне таңғалып жатады. Вераның сөзінше, қазақ тілін бала кезінен бері біледі.
"Қазақ тілін 6 жасымнан бастап білемін. Ол өскен ортама байланысты. Аралас мектепте, орыс сыныбында оқыдым. Ал колледже грантта қазақ тобында оқыдым", - дейді блогер келін.
Тіпті ол мектепте Абай оқуларынан өзге ұлт өкілдері арасында өткен байқауда жүлделі орын да алыпты.
Жеке архивінен
"Құстар туралы айтып, аудитория жинадым"
Бүгінде Вера TikTok, Instagram желілері арқылы көпшілікке "орыс келін" деген лақапатымен танымал. Ол блогерлік жолын қалай бастағанын да әңгімелеп берді.
"Блогерлікті 2018 жылы бастадым. Басында TikTok көріп, уақытымды құртатынмын. Кейін "неге бостан-бос уақытымды құртып, адамдарға қаралым жинап беріп жатырмын, олар содан жарнама жасап отыр" деп ойландым. Түсірсем бе, түсірмесем бе деп ойланып жүргенде, қайын апам "түсіре бер, қолыңнан келеді" деп мотивация берді. Содан "басқалардан қай жерім кем" деп ойландым. Ол кезде менде құстың жеті түрі болатын. Біреу білсе, біреу білмес деп, жем, дәрумендер, жалпы құстар туралы пайдалы ақпараттар айтатынмын. Сөйтіп, алғашында аудиториям жиналды", - дейді блогер.
Ал бүгінде Вера әлеуметтік желі арқылы бұйырған несібесін тауып отыр екен.
"Басында 2 жылдай ешқандай табыс таппадым. Әртүрлі никпен жүргеннен кейін ешкім танымайтын. Қазір бір никпен біраз жыл жүрген соң, шүкір, жарнамаға адамдар келеді. Шыны керек, табыс көзі жарнама ғой. Солай балаларымның несібесін тауып отырмын", - дейді ол.
"Орысшаға тілім келмейді"
Әлеуметтік желілерде оның орысшаға тілі келмейтінін айтқан видеосы лезде тарап кетті.
@oris_kelin ♬ оригинальный звук - Oriskelin
Көпшілік қазақтың салт-дәстүрін, тілін білетін өзге ұлт өкіліне таңданып, жылы лебіздерін айтты.
"Ол Қызылорданың келіні ғой, жарайсың", "Тап-таза қазақша сөйлейді, қазақ болып кеткен ғой", "Үлгі болдыңыз ғой", "Нағыз қазақ болып кеткен", "Маған ұнайды", "Отбасың аман болсын", - дейді пікір жазғандар.
Вера бұл видео қалай түсіріліп, тарап кеткенін түсіндірді.
"Көршімнің баласының саусағы ойын алаңында тілініп қалған еді. Екі мәрте ота жасалатындай болып, резонанс тудырды. Жан-жақтан телеарналардан журналистер келіп, жаңалықтардан көрсететіндей нәрсе болып кетті. Сол жерде бір журналист мені көріп қалып, "сізден сұхбат алсақ бола ма?" деді. Басынан аяғына дейін көршімнің жанында жүрген соң келістім. Көрген-білгенімді айтып бердім. "Енді осыны орыс тілінде қайталап жібере аласыз ба?" деді. Мен қалай бар, солай айттым. Себебі қазақ тілінде емін-еркін сөйлегенмен, орыс тілінде дәл олай сөйлей алмаймын. Былай түсінемін, бірақ мән-жайды түсіндіре алмайтынымды білдім. Ол жерде жаңалық болғаннан кейін ыңғайсыз болар деп қалай бар, солай айттым. Ол камерадан тыс нәрсе. Жаңалық болған соң салынбайтын шығар деп ойладым. Одан кейін қайын апам жіберіп тұр. Өзім "неге салған?" деп таңғалдым", - дейді ол.
"Несіне таңғалады деп ойлаймын"
"Орыс келіннің" айтуынша, бұл таңғалатындай құбылыс емес.
"Қазақша сөйлегенімді көргенде, таңғалатындар да, таңғалмайтындар да бар. Бірақ таңғалған кезде несіне таңғалады деп ойлаймын. Өйткені Ресейде өмір сүріп жатқан қазақтар қазақшалап бірдеңе айтса, оларға орысша жауап береді. Сондықтан мен де қазақ ортасында өскеннен кейін ол таңғалатындай нәрсе емес", - дейді блогер.
Блогер қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері тек Қызылордада емес, кез келген жерде барын жеткізді.
"Қызылорданың өзге ұлттары ғана қазақша сөйлейді деп алмаймын. Ол кез келген қалада бар. Өскен ортамызға да байланысты ғой. Ресейде туған қазақ пен Қазақстанда туған орысты алса, екеуі ауысып кеткендей болады. Сол сияқты таңғалатындай нәрсе емес. Өзім қазақ ортасында өстім, Алла маңдайыма қазақтың жігітін бұйыртқан екен", - деді Вера.
"Орамал тағып, баламды бесікке бөлеймін"
Вера Нестерова жеті жыл бұрын қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Бүгінде ол жұбайымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр. Блогердің сөзінше, күнделікті орамал тағып, баласын бесікке де бөлейді.
"Қазақтың келінімін. Жеті жыл болды, орамалымды тағамын, бесікке баламды тербетемін. Қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Орыстың қызы, қожаның келінімін. Әлеуметтік желіде де солай айтамын. Алла берген төрт балам бар. Кішкентайым жақында бір айға толды", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Жеке архивінен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова