Исландия елі

Исландия елі

Исландия – Атлант мұхитының сол жақ бөлігіндегі аралдық мемлекет. Аумағында Исландия аралы мен бірнеше шағын аралдар орналасқан.

Аралда орналасқан мемлекетте туризм, балық және ауыл шаруашылығы, энергетика, ауыр, жеңіл, тамақ өнеркәсіптері дамығандықтан бұл елде өмір сүру оңтайлы. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенер болсақ, Исландия мемлекеті адам потенциалын дамыту бойынша алда келеді. Халқының тұрмыс деңгейі мен білім, денсаулық т.с.с әлеуметтік жағдайының жоғары болуы, өмір сүру жасының ұзақтығы, экологиялық ахуалының жайлылығы сияқты факторлар Исландия елінің өзгелерден артықшылығын көрсетеді. Халық саны 304 мыңға жетеді. Оның 190 мыңнан астамы Исландия астанасы Рейкьявик қаласы мен оның маңайында тұрады.

Исландия өзінің вулкандарымен кеңінен танымал. Бұл ел өңірінде әлемге әйгілі Гекла мен басқа да вулкандар орналасқан. Сондай-ақ, Исландия жер жүзіндегі вулкан пайда болған ең үлкен арал. 2010 жылы бұл аймақта Эйяфьятлайокудль вулканының күллі Еуропа аспанын жауып қалып, әуе хабарламалар өз уақытында жеткізілген жоқ.

Сонымен қатар, Исландия өзгелерден мәдениеті мен салт-жоралғыларымен ерекшеленеді. Ұлттық мерекелермен қатар, исландықтар тарихта қалған күндерді үлкен думанмен атап өтеді.

Көктем мезгілін Исландия елі үлкен мерекемен қарсы алады. 1 наурызда исландықтар Bjyrdagurinn мерекесін, яғни Сыра күнін тойлайды. Бұл күні әрбір жан мүмкіндігінше көп мөлшерде сыра ішуі тиіс.

1989 жылы 1 наурызда Исландияда өткір күшті сыра туралы заң қабылданған. Жаңа заң 75 жыл бойы өткір күшті ішімдіктерге тосқауыл қойылған қағиданың күшін жойды.

Сыра күні барлық сыраханалар мен мейрамханаларда атап өтіледі. Бұл орындар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Көктемнің алғашқы күнінде жастардың қатысуымен сыра фестивалі өткізіледі. Фестиваль барысында түрлі жарыстар мен байқаулар ұйымдастырылып, мерекелік іс-шаралар мен көңілді қойылымдар көрсетіледі.


Бұл мереке жергілікті халықтың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, мемлекет қазынасының толуына септігін тигізеді. Жыл сайын тұрақты түрде атап өтілетін Сыра күніне жердің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Олар сыра мерекесін өз көздерімен көру үшін арнайы туристік бағдарламалар сатып алады. Сондай-ақ, бұл елде сыра бағасы айтарлықтай қымбат. Сыраның 1 пинтасы 10-12 еуро тұрады. Бұл мерекенің кең көлемде атап өтілуі сыра өндіруші компаниялардың бір сәтте табысқа кенелуіне жол ашады.

Тарихи деректерге сүйенер болсақ, сыра қайнату ежелгі антикалық заманнан келе жатқан дәстүр. Әуелі Мысыр және Вавилон елдерінде бастау алған дәстүр өзге елдерде жалғасты. 

Суреттер: incentiveclub.ru, giftblog.su

Ғ. Ұзақ