Махаббат пен сұлулық мерекесі

Махаббат пен сұлулық мерекесі

Өміріңізде бір рет болсын сакураның гүлдегенін көрген болсаңыз, сізге қызыға да қызғана қарауға болады. Өйткені, Жапон елінде әйел затының жастығының және әдемілігінің, махаббат пен сұлулықтың нышаны ретінде де қаралатын сакураның гүлденген кездегі кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Сакура немесе шие (вишня)- декаративті ағаш. Гүлі ақ, ақшыл күлгін түсті болады. Сакураның жылдық гүл жаруы негізінен 1 аптаны құрайды екен. Гүлі мен жапырағын тамаққа да пайдалануға болады. Сакура Мэйдзи заманында әскери оқу орнында оқитындардың бас киімінде бейнеленсе, қазіргі күнде полиция және қарулы күштер гербінде бейнеленіп жүр. 

Жалпы сакураның гүлдену мейрамы наурыз айының жиырма жетінші жұлдызында тойланса, ақпан айында Тайвань жерінде сакураға арналған Cherry Blossom Festival атты халықаралық дәрежедегі фестиваль өтеді.

Іс-шараның өткізіліп келе жатқанына он екі жылдан астам уақыт болды және қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Осы мерекеге қатыспауды кешірілмес ағаттық санайтын әрбір турист алдын ала билет сатып алуы керек.

Гүлденген шие бағы күндіз Барби қуыршақтардың алқызыл әлеміне ұқсап тұрса, кеш батысымен ғажайып әрі жұмбақ күйге енеді. Саябақта әртүрлі шырақтар жағылып, сезімді тербейтін әдемі әуендер ойнап тұрады. Дәл осы сәтте бақ ішінен қол ұстасып жүрген мыңдаған ғашықтарды көруге болады.
Дәл қазір Тайваньда махаббат пен сұлулық мерекесіне арналған дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.
 
Суреттер:kulturologia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева