- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Қонақжай халықтардың ерекшеліктері...
Қонақжай халықтардың ерекшеліктері
Әр халықтың қонақжайлылығы туралы бірер сөз қозғайық. Көптеген халықтың қонақ күтуге арналған дәстүрлері бар.
Мәселен, сізді Жапонияда қонаққа шақырса, бұл үлкен құрмет. Себебі бұл елде үйлер өте кіші. Сондықтан да тек белгілі бір маңызды жағдайларда ғана қонаққа шақыру әдеті сақталған. Жапондықтарға қонаққа бара қалсаңыз, ас ішуге емес, салтанатты оқиғаның куәгері боласыз десек болар. Үйге кіре берісте ағаштан жасалған аяқ киім беріледі, оны шығарда ғана шешетін боласыз. Қонаққа сыйлық апару міндет. Жапондықтарда «Қонаққа қол - сыйлық әкелу үшін берілген» деген салт бар. Сыйлықтың да дұрыс болғаны жөн. Мейлі, сыйлық қандай болмасын, «Аз да болса көптей көріңіз» деп берсең құба-құп. Онда сізге де сыйлық дайындалып қоюы мүмкін. Сіз жәй ғана басыңызды изеп, сыйлықтың тым «қымбат» екенін айтып, алмауға шара жасайсыз, ал егер үй егесі сонда да қоймай алуыңызды талап етсе, алуыңыз керек.
Мәселен, Иранда үй егесі қонаққа үш рет тамақ ұсынуы керек. Ал қонақ үш рет те бас тартуы тиіс.
Малайзияда қонаққа міндетті түрде кофе, шәй және тәтті-пәтті ұсынылады. Мұнда үй иесі арнайы ұсынып айтпаса дастарханға қол тигізу - мәдениетсіздік.
Боливияда қонақ күту салты тіпті қызық. Қонақ болып барсаңыз, сіз жалғыз тамақ ішесіз. Ал ортақ дастарханға тек жақын адамдар ғана отырады екен. Бұл қонақты тіпті де ренжітпеуі тиіс, себебі бұл дәстүр қонаққа деген ерекше құрметті көрсетеді-мыс.
Ал Еуропаның көп бөлігінде қонаққа барғанда тамақты өзіңізбен бірге апарсаңыз дұрыс-ақ. Себебі Еуропада бірінші, екінші тамақ берудің орнына қолыңызға чипсы ұстатып, теледидар көргізіп қоюы да мүмкін.
Ең қонақжай елдер...
Ирландияда жергілікті ауа-райы қолайсыз болса да, адамдары өте қарапайым. Мұнда тіпті танымайтын адамды да кешкі асқа қонаққа шақырып, әңгіме-дүкен құрады.
Аустралиялықтар көңілді халық. Қонаққа келген адам ең болмағанда бір шыны аяқ кофе не шәй ішпей кете алмайды.
Канадалықтар қонағымен туған-туысындай сөйлеседі-мыс.
Грузиялықтарда «Қонақ құдайдан жіберілді» деген сөз бар. Мұнда қонаққа ең жақсы жағдай жасалған. Грузиндер қонақ күтуді қонақ күту этикеті деп қана қабылдамайды, сонымен бірге, өздерінің қасиетті парызы санайды екен.
Ал енді өзімізге, қазақтарға келейікші. Халқымызда «Құдайы қонақ» деген сөз бар. Елдің бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен ынтымақтастығының көрінісі. Көшіп-қонып жүрген халық бірін-бірі танымаса да, міндетпен бас сұғуы мүмкін. Үй иесі мұнда хал сұрасып, жағдай айтысып, ет асады. Ал ас тарту мәселесі мұнда тап-тұйнақтай етіп жазылған.
Қонаққа баруды ұмытқан жоқсыз ба?
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: plslaser.ru
А. Құлтай