"Битлз" есімі көкте шарықтайтын күн

"Битлз" есімі көкте шарықтайтын күн

Imagine there's no countries
It isn't hard to do
Nothing to kill or die for
And no religion too
Imagine all the people living life in peace...


Бүгін, яғни қаңтар айының он алтыншы жұлдызы күні күллі әнсүйер қауымның құлаққаптарынан «Yesterday», «Yellow Submarine», «Let IT Be" немесе әлемнің ең үздік әрі ең танымал тобы - Ливерпульдің төрт аңызының орындауындағы кез келген әуезді әндер қалықтауы керек. Өйткені, бүгін - бүкіләлемдік "Битлз" күні.

Атаулы күн ЮНЕСКО-ның шешімімен 2001 жылдан бері атап өтіліп келеді.  "Битлз"  тобына бұл күн - жәйдан-жәй берілмегендігін айта кетейік. Осыдан 56 жыл бұрын, яғни 1957 жылдың 16 қаңтарында Ливерпульда «The Cavern» атты клуб ашылған болатын. Даңққа деген сара жолда ерінбей еңбек еткен Джон Ленон, Пол Маккартнии, Джордж Харрисон, Ринго Старр есімді жас музыканттарды ол кезде ешкім де танымайтын еді.

Кейіннен 16 қаңтар күні «The Beatles» тарихында тағы да бір елеулі оқиға орын алды: олардың орындауындағы «I Want To Hold Your Hand» әні америкалық хит-парадта бірінші орынға ие болды.

1963 жылы «Please Please Me" синглы жарыққа шыққаннан кейін Битлз тобын бүкіл әлем мойындады. Сол сәттен бастап планетамызда "битломания" аталатын "ессіздік" етек алды.

Жалпы, топтың әлемдік музыканың дамуына қосқан үлесі орасан зор. Көптеген танымал сазгерлер мен орындаушылар олардан үлгі ала білді. Сонымен қатар, "битлдықтар" дыбыс жазу, бейнебаян түсіру саласына көптеген жаңалықтар әкеліп, оларды алғаш қолданды.

Бүгінде "Битлз" тобы адамзат тарихындағы ең үздік орындаушылардың көшін бастап тұр.

Суреттер:music60.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева