- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Сан білмейтін, санай...
Сан білмейтін, санай алмайтын халықтар барын білесіз бе?
Өмірді сансыз, санақсыз елестету қиын. Грек ойшылы Пифагордың өзі "әлемді сандар билейді" демеп пе еді?! Былай қарасақ, сан деген ұғым бүкіл адамзатқа ортақ сияқты көрінеді. Алайда санай алмақ тұрмақ, санның не екенін білмейтін халықтар бар.
Мұндай халықтар қалай сансыз өмір сүріп жатыр дерсіз. Жауабы оңай. Өйткені адамзат осыдан 3 мың жыл бұрын рим мен араб цифрын ойлап таппай тұрып, сансыз, санақсыз өмір сүрген. Бұл халықтардың да тіршілігі осыған ұқсас.
Санды нақты білмейді, бірақ "бір" және "бірнеше" деген сөздерді біледі. Көлем мен өлшемді сонымен ажырататын көрінеді. Мәселен, Амазон орманында тіршілік кешіп жатқан Мундуруку және Пираха мәдениетінің халқы көлем мен өлшемді "бір" және "бірнеше" деген сөздермен ажыратады да, төртке дейінгі санды ғана біледі екен.
Зерттеушілер бұл халықтың сан мен көлемді қалай ажырататынын байқау үшін тәжірибе жасап көрген екен. Банкіге жаңғақ толтырып, қайта төгіп, жаңғақтың санын қалай ажыратынын байқап көрген. Бірақ тәжірибеге қатысқандар қанша жаңғақ қалғанын, қанша жаңғақ алынған мүлде айта алмаған. Ары кетсе, 4-5-ке дейін ғана санай алған. Содан ғалымдар анумерикалық мәдениет өкілдері мүлде сан білмейді деген тұжырымға келген.
Санды білмейтін халықтардың әлемді қабылдауы мен дүниені тануы, когнитивтік санасы басқа халықтардан мүлдем бөлек. Сан дәстүрінің орнына дүниені танудың басқа бір тетіктерін қолданады. Мәселен, сағаттың не екенін білмесе де, күн мен аспанға қарап уақытты шамалай алады.
Қазақ халқы да сандық дәуірге дейін өлшем бірлікті метафора, эпитетпен салыстырғанын білеміз. "Қозы көш жер", "Талтүс", "айшылық жол", "бір елі", "бір уыс" сынды өлшем бірліктерді әлі күнге дейін қолданады.
Ғалымдардың есебінше, қазір дүниежүзінде 7000 мыңға жуық тілде цифр жоқ екен. Олар жоғарыда айтылған тәсілді қолданып, көлем мен өлшемді айырады.
Осыдан-ақ біз цифр мен санның адамзат дүниетанымына қаншалықты өзгеріс пен мүлде басқалай ойлау жүйесін әкелгенін байқаймыз.
Қ. Слямбек